G-Park құрылыс компаниясының алданып қалған үлескерлері Қазақстанның Ішкі істер министрлігінен (ІІМ) көмек сұрауда, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Біз Ғабит Сәтмағамбетовтің елден шығуына тыйым салуды сұрадық, себебі барлық келісімшарттарға ол өзі қол қойды. Біз оның шетелге шығуын тоқтатуды өтіндік, өйткені ол елден тысқары жүреді. Жәбірленушілердің саны көп, ал келтірілген шығын 700 миллион теңгені құрайды. Ол әлеуметтік шиеленіс тудырып отыр, себебі өзінің шетелдегі бай өмірін көрсетіп жүр”, - дейді үлескерлердің өкілі Әлия Сәрсенова.
Бейсенбі күні G-Park клиенттері ІІМ ғимаратына жиналып, қабылдауына үміттенді. Олар бір кездері үлестік құрылысқа қаржы салған, бірақ кейін құрылыс тоқтап қалған. Келісімшарттар бұзылып, ақша қайтарылмаған. Әлияның айтуынша, бұл билікпен төртінші кездесулері. Ол үнемі уәде берілетінін, бірақ нақты ештеңе істелмейтінін атап өтті.
“Менің ойымша, бұл жерде жемқорлықтың да ықпалы бар шығар, себебі Габит Сатмагамбетов бұрынғы депутат. Оның байланыстары болуы мүмкін...”, - дейді Әлия Сәрсенова.
Сонымен қатар, үлескерлер әлеуметтік желілердегі құрылыс компаниясының ресми парақшаларын жабуды сұрап отыр, себебі үлестік қатысу туралы заңға сәйкес рұқсат құжаттары жоқ тұрғын үй кешендерінің жарнамасына тыйым салынады. Қазіргі уақытта G-Park компаниясының Instagram парақшасында 174 мың жазылушы бар. Астана тұрғындары бұл мәселенің екі күн ішінде шешілетініне уәде берілгенін мәлімдеді.
“Біз олардың кассасын пломбалатуды сұрадық, себебі 31 ЖШС-нің бір кассасы ғана бар. Адамдар қолма-қол ақша бермеуін өтіндік, себебі бұл ақша қайда кететіні белгісіз”, - деді Сәрсенова.
Dalanews G-Park төңірегіндегі мәселені ұзақ уақыттан бері баяндап келеді. Зардап шеккендер адал емес құрылысшыға қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етуде, бірақ құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі мен қылмыстық іс қозғаудан бас тартуы туралы мәлімдейді. 19 ақпанда Dalanews және DALA INSIDE редакцияларының журналистері Сәтмағамбетов пен оның G-Park құрылыс компаниясының қысым көрсетуі туралы мәлімдеп, Қазақстан журналистер одағының (ҚЖО) қолдауына жүгінді, онда бұл іс Астана филиалының бақылауына алынды.