Алматыда өткен жас ғалымдардың II халықаралық конгресінде оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жаратылыстану ғылымдарын бір пәнге біріктіру туралы талқылауларға нүкте қойды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, физика, химия және биологияны біріктіру туралы ұсыныс талқыланып жатқанымен, мектеп бағдарламасында бұл пәндер жеке қала береді.
"Кейінгі кезде жаратылыстану ғылымдарын бір пәнге біріктіру мәселесі жиі көтерілді. Бұл жөнінде министрліктің ұстанымы айқын: қазіргі таңда пәндер біріктірілмейді. Физика физика күйінде, химия химия күйінде, биология биология күйінде оқытылады", – деді Сүлейменова.
Оның айтуынша, басты мақсат – оқушылардың іргелі ғылымдарды терең әрі жүйелі меңгеруіне жағдай жасау. Осыған байланысты пәндерді біріктіру туралы бастама тоқтатылады.
Еске салайық, бұған дейін мектепте кейбір пәндер біріктіріліп, өзгеріс болуы мүмкін екені хабарланды.
