BCC Invest сарапшылары Қазақстан экономикасында "қызып кету" және құрылымдық тепе-теңдіктің бұзылуы секілді қауіп белгілері барын ескертеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"2024 жылғы экономикалық өсімнің негізгі драйвері ішкі тұтынушылық сұраныс болды, яғни сауда-саттық ЖІӨ-нің жалпы өсімінде үштен бір үлеске ие (...). Демек, негізгі үлес өндірістің нақты өсімі есебінен емес, тұтынысты ынталандыру арқылы келуде. Экономиканың "қызып кетуі" нақты ЖІӨ-нің әлеуетті деңгейден асып түсуімен де расталады. Ал бұл жағдай инфляцияның өсуіне және соның салдарынан базалық мөлшерлеменің одан әрі арттыруға әкеліп соғуы мүмкін. Яғни, халық пен заңды тұлғаларға арналған несиелер одан сайын қымбаттайды", делінген BCC Invest баяндамасында.
Егер ЖІӨ өсімі құрылымында тұтынуға қатысты теңгерімсіздік ары қарай көрініс таба беретін болса, бұл отандық өндіріске теріс әсер етеді.
"Ал "фискалдық ынталандыруға шамадан тыс тәуелділік" қатты дағдарыс жағдайында Үкіметтің мемлекеттік қолдау шараларын жүргізу мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Өйткені айтарлықтай қаражат қазірдің өзінде әртүрлі ынталандыру мақсаттарына жұмсалуда. Бұл ретте өткен жылғы "Өнімдер мен импорт салықтары" көрсеткіші баяулау сатысында, бұл салық төлемдерінің қысқарғанын және кем дегенде өндірістердің тежелісін байқатады. Бұл, әсіресе импортқа бағдарланған салаларда іскерлік белсенділіктің төмендеуі немесе импортталатын тауарлар тұтынысы көлемінің азаюын танытуы мүмкін. Сондай-ақ бұған девальвациялық күтулерге, кедендік бақылау немесе салықтық жеңілдіктерге байланысты әсер түрткі болуы ықтимал", - дейді сарапшылар.
Бұған дейін сайтымызда "Қазақстанның ірі салық борышкерлері анықталды: 10 компания 448 млрд теңге қарыз" деген мақала жарияланған болатын.