Ресей билігі Қара теңіздегі негізгі порттардан шетелдік танкерлердің мұнай тиеуіне уақытша тыйым салды. Бұл туралы саланың екі дереккөзі хабарлады. Жаңа ережелер Қазақстан мұнайының экспортын іс жүзінде бұғаттауы мүмкін. Өйткені Қазақстан шикізатының 80%-дан астамын тасымалдайтын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) экспортты Ресейдің Новороссийск портындағы Оңтүстік Озереевка терминалы арқылы жүргізеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Reuters агенттігінің есептеуінше, Ресей порттарына шетелдік кемелердің кіруіне шектеу қоюы әлемдік мұнай жеткізілімінің 2%-дан астамына әсер етуі ықтимал. Шектеудің Қазақстан мұнайынан бөлек, Ресейдің өз экспортына да салдары бар.
Бұл шешім Еуроодақтың Ресейге қарсы жаңа санкцияларынан кейін бірнеше күн өткен соң қабылданды. Санкциялардың бір бөлігі америкалық энергетикалық алыптар Chevron мен ExxonMobil компанияларының үлесі бар Каспий құбыр консорциумына тікелей әсер еткен еді.
Осы аптаның дүйсенбісінде Ресей президенті Владимир Путин шетелдік кемелердің Ресей порттарына кіруі үшін енді Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) арнайы рұқсатын талап ететін заңға қол қойды. Яғни, бұдан былай шетелдік кемелер порт әкімшілігінен бөлек, бұрынғы КГБ-ның жалғасы болып саналатын ФСБ-дан да рұқсат алуы тиіс. Заң күшіне бірден енді.
Каспий құбыр консорциумы және Ресей көлік министрлігі бұл жағдайға түсініктеме беруден бас тартты. Салалық дереккөздердің бірі мәселе бір-екі күн ішінде шешіледі деп санайды.
Биыл тамыз айында КҚК арқылы Қара теңіз портынан Black Sea CPC Blend маркалы мұнай экспорты тәулігіне 1,66 млн баррель немесе 6,5 млн тонна деңгейінде жоспарланған еді. Бұл шілде айындағы жоспармен шамалас. Ал Новороссийск арқылы шілде айында транзиттелген мұнай көлемі шамамен 2,2 млн тоннаны құраған.
Соңғы күндері мұнай нарығында тұрақсыздық байқалады. Бұған дейін Жерорта теңізі аймағындағы трейдерлер Түркияның Джейхан портындағы әзербайжандық BTC мұнайының ластану қаупіне байланысты да алаңдаулы болған еді.
Айта кетейік, биыл ақпанда КҚК-ның насостық станциясына дрон шабуылы жасалған деген күдікпен экспортқа уақытша кедергі туындаған. Ал сәуір айында Ресей КҚК-ның Қара теңіз терминалының өткізу қабілетін уақытша шектеген болатын.