Сорбұлақ мәселесі Үкімет деңгейінде қаралуы тиіс – Мәжіліс депутаты

Ақтоты Жапатова 10 қыр. 2025 14:34

Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, Алматы облысындағы Сорбұлақ кәріз суы қоймасына қатысты өзекті мәселелерді көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, 37 жылдан бері Алматы қаласының қалдық сулары жиналатын Сорбұлақ көлінің жай-күйі өңір тұрғындарының денсаулығына және экологиялық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіріп отыр.

Бірінші мәселе – көлден шығатын жағымсыз иіс Іле ауданына қарасты елді мекендерді тұншықтырып отыр.

Екінші мәселе – зертханалық тексерістерде Сорбұлақ суында 31 түрлі химиялық зат анықталып, оның ішінде кадмий мөлшері нормадан төрт есе асып кеткен. Депутат мұны «адам ағзасына жасырын у болып жиналып, қатерлі ауруларға әкелуі мүмкін» деп атап өтті.

Үшінші мәселе – көлдің сыйымдылығы шамамен 1 млрд текше метр болса, қазірдің өзінде 750 млн текше метрі толған. Мамандардың айтуынша, табиғи апат кезінде су арнасынан асып кетсе, Ақши, Күрті ауылдары тасқын астында қалуы мүмкін. Бұл Іле, Қапшағай және Балқаш су айдындарын да ластап, экологиялық апатқа соқтыруы ықтимал.

Осыған байланысты депутат Үкіметке мынадай ұсыныстар айтты:

  • Сорбұлақтың жағдайын тексеретін мемлекеттік комиссия құру;

  • Кәріз суларын тазартатын заманауи станциялар салу;

  • Бұған дейін бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына мемлекеттік аудит жүргізу;

  • Көлдің суын ауыл шаруашылығына пайдалану үшін арнайы жоба әзірлеу.

«Бұл тек Іле ауданы емес, бүкіл Жетісу өңірінің қауіпсіздігіне қатысты мәселе. Сондықтан Сорбұлақ проблемасын Үкіметтің ерекше бақылауына алуды сұраймын», – деді Данияр Қасқарауов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар