Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Алматыда аутизмі бар балаларға қатысты жағымсыз пікір білдірген блогерге ең қатаң шешімді құқық қорғау органдары қабылдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Әрине, мен бұл пікірге қарсымын. Мұндай жағдайлар мен әрекеттер болмауы тиіс. Білесіздер, біз инклюзивті қоғам құрып жатырмыз. Осы блогерге қатысты құқық қорғау органдары дұрыс әрі ең қатаң шешім қабылдайды деп ойлаймын", – деді Жақыпова сәрсенбі күні Мәжіліс кулуарында.
Министрдің айтуынша, Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға қатысты кемсітушілікке жол берілмейді, ал аутизмі бар балалар Білім министрлігінің, Еңбек министрлігінің және Денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауында.
"Біз бұл балаларды толық қолдаймыз", – деп атап өтті Жақыпова.