Депутат Джей Лоның концертіне көп полицей тартылғанына наразы

Сағыныш Сардарова 10 қыр. 2025 16:45

Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков коммерциялық іс-шараларда полиция қызметкерлерін емес, жеке күзетті тарту керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, кейінгі кезде Қазақстанда ірі концерттер мен спорттық матчтар жиі өтіп жатыр.

"Астанада өткен Дженнифер Лопестің концертіне шамамен 1300 полицей, ал Алматыда 2240 полиция қызметкері, әскери мен ерікті жұмылдырылды. Соның салдарынан парадокс жағдай қалыптасады: жаппай шоу мен концерттерге бүкіл жеке құрам тартылады да, көшелерді патрульдеуге адам қалмайды", – деді депутат.

Олжас Құспеков мемлекеттік ресурстарды тиімді әрі мақсатты пайдалану қажет екенін айтып, коммерциялық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндетін жеке секторға жүктеу қисынды екенін жеткізді.

"Бүгінде елімізде 4 мыңға жуық жеке күзет ұйымы жұмыс істейді. Онда 100 мыңнан аса кәсіби қызметкер бар, олар бұл міндетті өз мойнына алуға дайын", – деді ол.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар