Шымкентте сот процесі кезінде журналистке тіл көрсеткен судьяға қатысты тексеру жалғасын тапты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Судьялық әдеп жөніндегі комиссия Шымкенттегі сот отырысында журналистке тіл көрсеткен судья Әбінұр Қарабаевқа қатысты тексеру материалдарын Қазақстанның Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сот жюриіне жіберді.
"Қазіргі таңда бұл шешім заңды күшіне енген жоқ. Судья Қарабаев оны шағымдану тәртібімен қайта қаратуға құқылы", – деп хабарлады Шымкент қалалық соты.
Тексерудің басталу себебі
Оқиға Шымкент қаласы әкімінің орынбасарына қастандық жасау ісін қарау барысында болған. Судья Қарабаев сот залында процесті түсіріп отырған журналистке тілін көрсеткен. Бұл сәт түсірілген видео әлеуметтік желілерде тез тарады.
Репортёр Ботагөз Омарова мұндай жағдайға алғаш рет куә болғанын айтты. Судьяның мұндай әрекетке не себепті барғаны белгісіз күйінде қалды.
Оқиғадан кейін соттың баспасөз қызметі қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.
"Егер судьяның ар-намысына кір келтіретін әрекет жасағаны расталса, материалдар Жоғарғы сот кеңесі жанындағы сот жюриіне жолданады", – деп хабарланған еді.
Бұл процесс Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісіне байланысты өтті. 21 сәуірде әкімдік ғимаратының жанында оған оқ атылып, ауыр жарақат алған Берденов бірнеше ота жасатты.
Сот бұрынғы «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС құрылыс басқармасының директоры Ернар Жиенбайды тоғыз жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.