Freedom Holding Corp.-тың 2027 ф.ж. І-тоқсанындағы қаржылық нәтижелері

Freedom Holding Corp.-тың 2027 ф.ж. І-тоқсанындағы қаржылық нәтижелері

Freedom Holding Corp. 2026 жылдың 30 маусымында аяқталған компания үшін 2027 фискалдық жылының  I-тоқсанындағы қаржылық нәтижелерін жариялайды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қаржылық көрсеткіштер

Компания өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі $524 млн-мен салыстырғанда, 2027 қаржылық жылының I-тоқсанында $732,9 млн көлемінде жиынтық түсімді көрсетті. Түсімнің өсуін бірден бірнеше бағыт қамтамасыз етті: пайыздық және комиссиялық кірістердің артуы, саудалық бағалы қағаздармен жүргізілген операциялардан алынған таза қаржылық нәтиженің оң динамикасы. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша салық салуға дейінгі пайда $40,8 млн құрады, таза пайда $31,7 млн болды, ал бір жай акцияға шаққандағы пайда $0,52 құрады**.

2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша ақшалай қаражат пен олардың баламаларының, шектеу қойылған қаражаттың және инвестициялық бағалы қағаздардың көлемі $7 млрд, жиынтық активтер $14 млрд, ал акционерлердің меншікті капиталы $1,5 млрд құрады.

Клиенттер базасы

Freedom Holding Corp. құрамына кіретін компаниялардың клиенттер базасы 8,7 млн-ға дейін өсті. 2026 жылғы 31 наурыздағы көрсеткіштермен салыстырғандағы нәтижелер келесідей болды: брокерлік шоттар бойынша - 874 мың (+16 мың), Freedom SuperApp банктік мобильді қосымшасының пайдаланушылары - 5,7 млн (+493 мың), қаржылық емес компаниялардың клиенттері - 1 498 мың (+393 мың).

2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Freedom экожүйесі клиенттерінің жалпы саны, серіктес компаниялардың пайдаланушыларын қоса алғанда, бір жыл бұрынғы 11,7 млн-мен салыстырғанда 13,8 млн-нан асты.

Нәтижелердің негізгі факторлары

Холдингтің пайыздық кірісі маржиналдық қарыздар, клиенттерге берілген кредиттер, сондай-ақ өтеуге дейін ұсталатын бағалы қағаздар, саудалық және сатуға қолжетімді бағалы қағаздар, кері РЕПО операциялары мен банктерде орналастырылған қаражат бойынша кірістердің өсуі арқасында $198,6 млн-нан $295,1 млн-ға дейін ұлғайды.

Комиссиялық кіріс клиенттер базасының және сауда белсенділігінің артуы салдарынан брокерлік қызметтерден түсетін кірістің өсуі есебінен $107,6 млн-нан $156,7 млн-ға дейін өсті.

Саудалық бағалы қағаздар бойынша таза пайда $79,8 млн-ға дейін өсті (бір жыл бұрын $45,6 млн болған) — бұл ең алдымен Қазақстанның егеменді бағалы қағаздарын, корпоративтік борыштық бағалы қағаздарын сату және есепті кезеңнің соңында Топтың портфелінде қалған бағалы қағаздардың әділ құнының өсуі есебінен болды.

Валюталық операциялар бойынша нәтиже жақсарды - $12,9 млн шығыннан $13,7 млн пайдаға ауысты. Бұл, негізінен, теңгенің еуроға шаққандағы бағамының бір жыл бұрынғы айтарлықтай әлсіреуімен салыстырғанда тұрақты болуы аясында валютаны қайта бағалаудан болатын шығындардың айтарлықтай азаюы арқасында мүмкін болды.

Компания шығыстары бір жыл бұрынғы $476,5 млн-мен салыстырғанда шамамен $691,3 млн құрады.  Өсімнің негізгі факторлары - сақтандыру шығындары мен полис ұстаушыларға жасалатын төлемдердің (қайта сақтандыруды шегергенде), пайыздық шығыстардың, еңбекақы төлеу мен бонустарға жұмсалатын шығындардың, жалпы және әкімшілік шығыстардың ұлғаюы болды.  Бұл ретте шығыстардың өсуі комиссиялық шығыстардың төмендеуімен ішінара өтелді.

Freedom Holding Corp. «Freedom Шапағат» корпоративтік қоры арқылы Қазақстандағы әлеуметтік бастамалар мен тұрақты даму жобаларын іске асыруға жүйелі түрде инвестиция салып келеді.  2026 күнтізбелік жылдың бірінші жартыжылдығында осы мақсаттарға шамамен $25 млн бағытталды.

Кезеңнің айтулы жетістіктері

2026 жылғы маусымда компания экожүйенің қаржылық және цифрлық сервистерін біріктіре отырып, бірыңғай Freedom брендіне көшетінін жариялады.  Ребрендинг холдингтің бірыңғай платформаны дамыту, брендтің танымалдылығын арттыру және қатысушы барлық нарықтарда кедергісіз клиенттік тәжірибе жасау жөніндегі стратегиясын көрсетеді.

Тағы бір маңызды оқиға - S&P Global Ratings агенттігінің Freedom Holding Corp.-тың негізгі қаржылық бөлімшелерінің кредиттік рейтингтерін «тұрақты» болжамымен «B+» деңгейінен «BB-» деңгейіне дейін, сондай-ақ еншілес компаниялардың Қазақстанның ұлттық шкаласы бойынша рейтингтерін «kzA-» деңгейіне дейін көтеруі болды. Freedom Holding Corp.-тың өзінің рейтингі «тұрақты» болжамымен «B-» деңгейінде қалды. Агенттік топтың тәуекелдерді басқару жүйесінің нығаюын және тұрақты қаржылық көрсеткіштерін рейтингті көтерудің негізгі факторлары ретінде атап өтті.

Түркиядағы холдингті дамыту стратегиясын іске асырудағы маңызды оқиға Turkish Bank A.Ş. сатып алу жөніндегі мәміленің аяқталуы болды:  Freedom Finansal Hizmetler A.Ş. Түркиядағы қажетті реттеушілік мақұлдауларды алғаннан кейін банктің акционерлік капиталының 99,32% мөлшеріндегі бақылау пакетіне ие болды. Акционерлердің жалпы жиналысы Директорлар кеңесінің жаңа құрамын бекітті және банктің атауын Freedom Bank A.Ş. деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ, 2026 жылғы 10 шілдеде Freedom АҚШ-тың 1933 жылғы «Бағалы қағаздар туралы» заңының Regulation S ережесіне сәйкес, АҚШ резиденті еместер үшін қолданылатын рәсім бойынша жалпы сомасы $300 млн 2 374 356 жай акцияны орналастыруды аяқтады.

Осы пресс-релиз шыққан сәтте компания білім беру технологиялары саласындағы Қазақстан мен Орталық Азияның ірі ойыншысы - жетекші технологиялық компаниялардың бірі «Bilim Group LTD» ЖШС-нің үлесін сатып алу мәмілесін аяқтады. Мәміле ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мақұлдауын алды, бұл жасанды интеллектті қолдана отырып, бірлескен білім беру жобаларын одан әрі дамытуға мүмкіндіктер ашады.