Францияда Қайрат Сатыбалдыға тиесілі болған пәтерлер сатылымға шығарылды

Қаракөз Амантай 17 ақп. 2026 15:31

Францияның Лазур жағалауындағы Қайрат Сатыбалды мен оның жұбайына тиесілі болған төрт пәтер шетелдік жылжымайтын мүлік агенттіктері арқылы сатылымға қойылды. Олардың жалпы құны шамамен 8,7 млн еуроға бағаланып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ФБРК телеграм арнасы ұсынған мәліметке сәйкес, пәтерлер Антиб мүйісіндегі Parc du Cap тұрғын үй кешенінде орналасқан. Әр пәтерде үш жатын бөлме, қонақ бөлме, асүй мен балкон бар, барлығы толық жиһаздалған. Терезелерінен теңіз көрінісін тамашалауға болады. Кешен аумағында күзет, жерасты автотұрағы, спортзал, спа-аймақ, бассейн және сауна қарастырылған.

Бұған дейін бұл нысандар Сатыбалдының жұбайына тиесілі болғаны айтылған. Активтер тәркіленгеннен кейін оларды мемлекет қайтарылған мүлікті басқару компаниясы бақылауына алған болуы мүмкін.

Сонымен қатар Қазақстанда да Сатыбалдыға қатысты тәркіленген активтер сатылымға шығарылып жатыр. Алдағы уақытта Алматыдағы "Kaisar Plaz"  сауда-офис орталығын, сондай-ақ DoubleTree by Hilton қонақүйі мен "Байсат" базарын сату жоспарланған.

Еске салайық, Қайрат Сатыбалды 2022 жылы сот шешімімен алты жылға сотталған еді. Кейін жаза мерзімі бостандығын шектеумен алмастырылған. Мемлекетке қайтарылған активтердің жалпы құны 732,8 млрд теңгеге бағаланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove