Франция құрамасының жеңілісінен кейін елде жаппай тәртіпсіздік басталды

Франция құрамасының жеңілісінен кейін елде жаппай тәртіпсіздік басталды
Фото: obozrevatel.com

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының жартылай финалында Франция құрамасы Испаниядан 0:2 есебімен жеңілгеннен кейін елдің бірнеше қаласында жаппай тәртіпсіздік болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Матч аяқталысымен Парижде және өзге қалаларда жанкүйерлер көшеге шығып, полициямен қақтығысты. Салдарынан бірнеше автокөлік пен басқа да мүлік бүлінген.

Франция билігі мұндай жағдайдың болуы мүмкін екенін алдын ала болжаған. Себебі жартылай финал Бастилияны алу күнімен тұспа-тұс келді. Осыған байланысты ел бойынша 70 мың полиция қызметкері мен жандарм кезекшілікке жұмылдырылып, олардың 5 мыңға жуығы Парижде қызмет атқарған. Сондай-ақ тәртіпсіздіктің алдын алу үшін Елисей алаңы уақытша жабылды.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, Париж бен оған жақын маңдағы аудандарда 140-тан астам адам ұсталды. Олардың басым бөлігі полицияға қарсы пиротехникалық заттарды қолданған. Алдын ала ақпарат бойынша, ауыр жарақат алғандар жоқ.

Тәртіпсіздік Лион қаласында да тіркелді. Матч өтіп жатқан кезде бір топ жас қала орталығындағы Белькур алаңына жиналып, кейін полицияға қарсы отшашулар мен пиротехникалық заттарды қолданған. Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе ірі көлемдегі материалдық шығын туралы ақпарат жарияланған жоқ.