«Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясын» (ЦАЭК) бақылауда ұстап келген кәсіпкерлер Александр Клебанов пен Сергей Кан 2023 жылы «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-ін небәрі 200 мың теңгеге сатып жіберген. Бұл туралы ақпарат акционерлік қоғамның қаржылық есептілігінде көрсетілген, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Активтер мемлекетке өтті
KASE сайтында жарияланған есеп бойынша, компанияның негізгі активі — жалпы құны 1,8 млрд теңге болатын жылу желілері 2023 жылдың маусымында Екібастұз қалалық экономика және қаржы бөліміне теңгерімге берілген. Ал 2024 жылы ЦАЭК өндірістік және әкімшілік ғимараттарды қала әкімдігіне өткізген.
Аталған активтерді беру нәтижесінде компания 4,9 млрд теңге көлемінде шығынға батқан. Бұдан бөлек, күл үйінділерін қалпына келтіру бойынша міндеттемелерді есептен шығару кезінде тағы 1,9 млрд теңге көлемінде залал жазылған.
«2024 жылғы 1 тамызда „Екібастұзжылуэнерго“ ЖШС барлық мүлкін мемлекет меншігіне тегін өткізгендіктен және аталған активтерді сенімгерлік басқару келісімшарттары басқа компаниямен жасалғандықтан, топ басшылығы ЖШС-тегі 100% үлесті үшінші тарапқа 200 мың теңгеге сату туралы шешім қабылдады», – делінген құжатта.
Қарыздардан құтылу
Мәліметтерге қарағанда, «Екібастұзжылуэнергоны» сату арқылы олигархтар компанияның бірқатар міндеттемелерінен құтылған. Атап айтқанда, 2026 жылға дейін өтеуі тиіс 400 млн теңге және 2030 жылдың соңына дейін төленуі тиіс 4,9 млрд теңге мөлшеріндегі қарыздардан босап отыр. Есептілікте ЦАЭК-тің 4,2 млрд теңге көлемінде қарыздарды есептен шығару нәтижесінде кіріс алғаны көрсетілген.
Қаржылық көрсеткіштер
Құжатқа сәйкес, 2024 жылы ЦАЭК 17,4 млрд теңге таза табыс тапқан. Алайда топтың активтері 2023 жылғы 382 млрд теңгеден 2024 жылы 355 млрд теңгеге азайған. Сонымен қатар, міндеттемелер көлемі 130,9 млрд теңгеден 165,5 млрд теңгеге өскен.
Коммуналдық апат пен қылмыстық іс
Екібастұздағы жылу жүйелері 2022 жылғы қарашада болған коммуналдық апаттан кейін мемлекеттік меншікке алынған. Ол кезде қалада ауа температурасы –30°С болғанда, жылусыз және ыстық сусыз қалған. «Екібастұзжылуэнерго» басшылығы сотталып, қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін кінәлі деп танылған.
Компания иелері кімдер?
«Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясының» акционерлері — Forbes Kazakhstan тізімінде тұрған миллиардерлер Александр Клебанов (13-орын) және Сергей Кан (22-орын), сондай-ақ KIF Energy S.A.R.L. және «Орталық Азия отын-энергетикалық компаниясы» акционерлік қоғамы.