Алматыдағы Алмалы аудандық сот FlyArystan әуе компаниясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот Даур Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулхановты «аса ірі мөлшерде ұрлық жасау» және «қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру» баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Үкімге сәйкес, Еркін Исанов пен Ренат Абулханов 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Оларға қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркілеу және бес жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда басшылық қызмет атқаруға тыйым салу жазасы тағайындалды.
Даур Еркенұлы 9 жылға сотталды. Оған да мүлікті тәркілеу және бес жылға басқарушы лауазымдарды атқаруға тыйым салу қарастырылған.
Барлық сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі мекемелерде өтейді. Жаза мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептеледі.
Сот қаулысында Даур Еркенұлы мен оның туыстарының атына тіркелген мүліктерді тәркілеу көзделген. Олардың қатарында Toyota Land Cruiser 200, Toyota Camry, Mercedes-AMG және Zikr маркалы көліктер бар.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ және апелляциялық тәртіппен шағымдануға жатады.
Сот процесі барысында айыпталушылар мен олардың қорғаушылары тағылған айыптармен келіспейтінін бірнеше рет мәлімдеді. Қорғау тарапы келтірілген залал нақты ұрланған қаражат емес, авиакомпанияның ішкі деректеріне негізделген есептік көрсеткіш екенін алға тартты. Сондай-ақ іс бойынша бірде-бір жолаушы жәбірленуші ретінде танылмағаны және айыпталушыларға тікелей ақша берілгені дәлелденбегені айтылды.
Бұл уәждер сот жарыссөзінде жария етіліп, істің материалдарына қоса тіркелді.
