Фермелерге арналған жеңілдетілген несие бағдарламасы мерзімінен бір ай бұрын іске қосылады

Кәмшат Тілеухан 26 қыр. 2025 11:37

Аграрлық несие корпорациясы "Кең дала 2" бағдарламасын биыл бір ай бұрын, 1 қазанда іске қосады. Аталған бағдарлама аясында агросектордағыларға жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5%-бен жеңілдетілген несие ұсынылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Үкімет пен қаржы институттарының алдына көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу жөнінде нақты міндет қойған болатын. Бұл ретте қажетті қаражатты фермерлерге жеткізуді тапсырып, "көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізу өте маңызды" екені айтылады.  Осы стратегиялық тапсырманы орындау үшін және қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмысты жүргізу аясында "Аграрлық несие корпорациясы" ерте қимылдап, 2025 жылдың 1 қазанынан бастап "Кең дала 2" бағдарламасы бойынша өтінімдер қабылдау басталатыны туралы хабарлайды. Осы шешімнің нәтижесінде бағдарлама былтырғыдан бір ай бұрын іске қосылады. Яғни, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егін егудің жаңа маусымына ерте қамдануларына өте қолайлы әрі икемді болмақ.

Бағдарламаның жеңілдігі – жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% деңгейінде сақталады. Кепілдікпен қамтамасыз ету жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін пәрменді механизм көзделген: қажет болған жағдайда қарыз сомасының 85%-на дейін "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігін пайдалануға болады. 

Егер 2022 жылы "Кең дала" бағдарламасына 140 млрд теңге бағытталса, 2024 жылы бұл сома 321,5 млрд теңгеге жетті, ал 2025 жылы 500 млрд теңгеден асты. Бұл динамика аграрлық секторды жүйелі қолдау шараларының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді. Агроөнеркәсіп үшін негізгі басымдық – қаржыландыру механизмдерін ыңғайлы, түсінікті және аграрлық сектордың өзекті сұраныстарына жауап бере алатындай етіп жетілдіру болып қала береді.

"Кең дала 2" бағдарламасына қатысуға өтінім беру үшін фермерлер Аграрлық несие корпорациясының өңірлердегі филиалдарына жүгіне алады.

"Агросектордағы несиелік ресурстарға сұраныс тұрақты түрде жоғары болып қала береді және біздің міндетіміз — оны қанағаттандыру ғана емес, нарыққа уақтылы әрі икемді құралдарды ұсыну. Біз ерте қаржыландырудың сұранысқа ие екенін көріп отырмыз, бұл фермерлердің жүйелі және тиімді жұмыс істеулеріне мүмкіндік береді. Сондықтан біз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нақты қажеттіліктеріне сүйене отырып, өз өнімдерімізді бейімдеуді жалғастырамыз", - деп атап өтті "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Басқарма төрағасы Алмат Әшірбеков.

Толық ақпарат Agrocredit.kz сайтында бар. Сондай-ақ 5353 (Kcell, Activ, Beeline) және +7 775 007 68 07 (Tele2, Altel) Call-орталық нөмірлері бойынша хабарласып, кеңес алуға болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар