“Оскар” иегері, әйгілі кәсіпкер, ғарышқа ұшқан қазақ қызы: Алматыға әлем мойындаған әйелдер келеді

“Оскар” иегері, әйгілі кәсіпкер, ғарышқа ұшқан қазақ қызы: Алматыға әлем мойындаған әйелдер келеді
Коллаж: Dalanews

15 және 16 қазанда Алматыда өтетін BE WOMAN ASIA 2026 халықаралық форумы әлемнің 25 елінен кәсіпкерлерді, ғалымдарды, технология мамандарын, қоғам қайраткерлері мен мәдениет өкілдерін бір алаңға жинайды. “Этика күші” тақырыбына арналған биылғы басқосуда жасанды интеллект дәуіріндегі жауапкершілік, бизнестегі адамгершілік қағидалар, әйелдердің қоғамдық өзгерістерге ықпалы және жаңа технологиялардың болашағы талқыланады. Осы орайда Dalanews.kz редакциясы сахнаға шығатын әлемдік спикерлердің өмір жолы мен елеулі еңбектеріне шолу жасады.

Биыл форумға жүзге жуық спикер қатысады. Олардың арасында интернеттің алғашқы даму кезеңіне араласқан инженер, екі рет “Оскар” алған режиссер, есімін әлемдік брендке айналдырған кәсіпкер және жасанды интеллектіні реттеу мәселесімен айналысып жүрген халықаралық сарапшылар бар. Негізгі бағдарлама 15 қазанда Республика сарайында өтсе, 16 қазанда Gorky Park Residence алаңында тәжірибелік сабақтар, пікірталастар мен жабық кездесулер ұйымдастырылады. 

Әлеуметтік желінің қалыптасуына үлес қосқан кәсіпкер

Фото: psychologies.ru
Фото: psychologies.ru

Рэнди Цукербергті көпшілік Meta компаниясының негізін қалаушы Марк Цукербергтің әпкесі ретінде таниды. Алайда оның технология саласындағы жолы туыстық байланыспен ғана шектелмейді. Ол Facebook компаниясының алғашқы қызметкерлерінің бірі болып, платформаның маркетингтік бағытын дамытуға және тікелей эфир форматының қалыптасуына атсалысты.

Facebook әлемдік әлеуметтік желіге айналған кезеңде Рэнди Цукерберг цифрлық коммуникацияның қоғам мен бизнеске қалай әсер еткенін ішінен бақылады. Кейін компаниядан кетіп, Zuckerberg Media жобасын құрды. Қазір ол технология, медиа, кәсіпкерлік және цифрлық мәдениет мәселелерін зерттеп жүр.

Оның тәжірибесі технология дамыған сайын туындайтын жауапкершілік мәселесіне назар аудартады. Әлеуметтік желілер адамдарды жақындастырғанымен, ақпараттық қысым, интернетке тәуелділік және жеке мәліметтердің қауіпсіздігі секілді жаңа түйткілдерді де алға шығарды. BE WOMAN ASIA форумында осы мәселелерге қатысты маңызды ойлар айтылмақ.

Әйелдер үнін кино арқылы әлемге естірткен режиссер

Фото: Patrick T Fallon/Reuters
Фото: Patrick T Fallon/Reuters

Пәкістандық режиссер әрі журналист Шармин Обейд-Чиной киноны көңіл көтеру құралы емес, қоғамдағы әділетсіздікті көрсететін мінберге айналдырды. Оның деректі фильмдерінде әйелдерге жасалатын зорлық, әлеуметтік теңсіздік және адам құқығы мәселелері көтеріледі.

Режиссер Saving Face және A Girl in the River: The Price of Forgiveness деректі фильмдері үшін екі рет “Оскар” сыйлығын иеленді. Екінші туындыда өз отбасы тарапынан жасалған қастандықтан аман қалған жас қыздың тағдыры баяндалады. Фильм Пәкістандағы әйелдерге қарсы зорлық мәселесін халықаралық деңгейге шығарып, ел ішінде қоғамдық пікірталас туғызды. 

Өз есімін әлемдік брендке айналдырған кәсіпкер

Фото: hellomagazine.com
Фото: hellomagazine.com

Британдық парфюмер Джо Мэлоунның кәсіпкерлік жолы үлкен кеңседен немесе қомақты инвестициядан басталған жоқ. Ол алғашқы өнімдерін шағын көлемде дайындап, клиенттеріне өзі ұсынды. Кейін оның есімі әлемдегі ең танымал парфюм брендтерінің біріне айналды.

1999 жылы кәсіпкер Jo Malone London компаниясын Estée Lauder корпорациясына сатты. Арада бірнеше жыл өткенде оған сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылып, ем қабылдау кезінде иіс сезу қабілетінен уақытша айырылды. Бұл парфюмер үшін кәсіби жолының аяқталуымен тең ауыр сынақ еді. Соған қарамастан ол шығармашылыққа қайта оралып, 2011 жылы Jo Loves атты жаңа брендін құрды. 

Оның тәжірибесі форумдағы кәсіпкерлік, ішкі тірек пен жаңа бастама тақырыптарына өзгеше мазмұн беретіні анық. 

Цифрлық технологияның дамуына жол ашқан инженер

Фото: Reuters
Фото: Reuters

Бүгінде кез келген ақпаратқа бір батырманы басу арқылы қол жеткізу қалыпты көрінеді. Алайда интернеттің алғашқы жылдарында мәтін мен бейнені бір кеңістікте көрсету үлкен технологиялық жаңалық болатын. Сол өзгерістің бастауында тұрған мамандардың бірі Пинг Фу еді.

Ол алғашқы графикалық интернет браузерлерінің бірі саналатын Mosaic жобасы әзірленген ортада еңбек етті. Кейін үш өлшемді бейнелеу технологияларымен айналысатын Geomagic компаниясын құрып, өндіріс пен цифрлық модельдеудің дамуына үлес қосты. Компанияның технологиялары өнімдерді жобалау мен дайындау тәсілдерін өзгертуге бағытталды. 

Пин Фудың кәсіби жолы технологияның бір сәтте пайда болмайтынын көрсетеді. Қазір күнделікті қолданып жүрген цифрлық мүмкіндіктердің артында ұзақ ізденіс, тәуекел және сәтсіздіктен кейін қайта тұра білу қабілеті жатыр.

Әйелдерге технология әлемінің есігін ашқан көшбасшы

Фото: wecouncil.com
Фото: wecouncil.com

Аюми Мур Аоки Women in Tech Global халықаралық ұйымын құрып, әйелдердің технологиялық білім алуына, кәсіп бастауына және осы саладағы басшылық қызметтерге араласуына мүмкіндік беретін бастамаларды дамытып келеді.

Оның көтеретін мәселесі тек әйелдердің IT саласындағы үлесін арттырумен шектелмейді. Жасанды интеллект пен цифрлық өнімдерді кімдер әзірлейді, алгоритмдерде кімдердің мүддесі ескеріледі және технологияның игілігі қоғамның барлық тобына бірдей жете ме деген сауалдар да осы бағытпен байланысты.

Форумның екінші күнінде Алматыда алғаш рет Women in Tech панельдік сессиясы өтеді. Оған түрлі елдің өкілдері қатысып, технология шекараларды өзгерткен кезде адамға тиесілі құндылықтарды қалай сақтау керегін талқылайды. 

Жасанды интеллект саласының сарапшысы

Фото: titiakinsanmi.lovable.app

Жасанды интеллект бүгінде адамның күнделікті тұрмысымен ғана шектелмей, жұмысқа қабылдау, несие беру, білім алу және медициналық көмек көрсету секілді маңызды салаларға араласа бастады. Бірақ алгоритм қате шешім шығарса немесе белгілі бір топты кемсітсе, жауапкершілікті кім арқалайды?

Осы мәселені халықаралық деңгейде көтеріп жүрген мамандардың бірі Тити Акинсанми. Ол жасанды интеллект, цифрлық саясат және технологияны реттеу саласында жұмыс істейді. Сарапшы технологиялық даму қоғамдағы теңсіздікті тереңдетпеуі үшін цифрлық шешімдерді әзірлеу кезінде адамның құқығы мен қауіпсіздігі ескерілуі керек деген ұстанымды алға тартады.

Форум аясында Тити Акинсанми технологиялық ортадағы инклюзивтілік мәселесіне арналған дөңгелек үстел өткізеді. Онда цифрлық өзгерістер кезінде кімнің мүмкіндікке ие болып, кімнің назардан тыс қалатыны сөз болады.

Кәсіпкер әйелдерге жол ашқан көшбасшы 

Фото: challenges.fr

Кьяра Корацца әйелдердің экономика мен басқару саласындағы мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған халықаралық бастамаларға қатысып келеді. Оның қызметі кәсіпкер әйелдерді қолдаумен қатар, шешім қабылдайтын құрылымдарда олардың өкілдігін арттыруды қамтиды.

Бұл мәселе әйелдерге арналған жеке бағдарламалар ұйымдастырудан әлдеқайда ауқымды. Кьяра Корацца басшылық қызметтердегі әйелдердің үлесін арттыру, олардың қаржы мен инвестицияға қол жеткізуіне жағдай жасау және кәсіби ортадағы кедергілерді азайту мәселелеріне назар аударады.

Ғарышқа жол тартқан тұңғыш қазақстандық әйел

Фото: Дана Қарағұсованың әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды

Форум спикерлерінің арасында ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақстандық әйел Данна Қарағұсова да бар.

Ғарышқа ұшу үлкен жауапкершілікті, жан-жақты дайындықты және психологиялық төзімділікті талап етеді. Данна Қарағұсованың бұл қадамы бұрын қолжетпестей көрінген биіктерге адамның батылдық пен табандылық арқылы жете алатынын көрсетті.

Оның BE WOMAN ASIA форумына қатысуы ғылым, технология және әйелдердің жаңа салаларды игеруі туралы әңгімені Қазақстанның тәжірибесімен сабақтастырады. Сондай-ақ ол мақсатқа жету жолындағы дайындық, қорқынышты жеңу және өз мүмкіндігіңе сену туралы ой бөліспек.