Еуроодақ Ресейге қарсы санкция қысымын тағы да күшейту мақсатында 21-ші санкциялық пакетін дайындай бастады. Қазір комиссия жабық отырысында оның құрамына кіретін компаниялар мен жеке тұлғаларды талқылап жатыр. Брюссель бұл жолы кезекті шектеу пакетін Ресей экономикасының банк секторына, криптоинфрақұрылымға, дрон өндірісіне, мұнай саудасына және “көлеңкелі флотқа” бағыттамақ, деп хабарлайды dalanews.kz.
Себебі бұған дейін қабылданған 20-ші санкциялық тізімге Қазақстаннан United Trading Group компаниясы кірген болатын. Reuters дерегінше, бұл компания Ресейге жартылай өткізгіш өндірісінде қолданылатын химикат жеткізу тізбегіне қатысады деген күдікке ілінген. Еуроодақ Қазақстанға қарсы мемлекеттік санкция енгізбейтіні анық. Қазір кәрі құрлық Қазақстандағы жекелеген компаниялардың, делдалдардың, қаржы институттарының және логистикалық арналардың Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектеспеуін қатаң бақылап отыр. Бұл саяси мәселе емес. Бұл ең алдымен комплаенс мәселесі.
«Ресейдің ірі банктері санкция астында қалған сайын, ресейлік компаниялар төлем жүргізудің балама жолдарын іздейді. Мұндай жағдайда үшінші елдердің банктері, төлем ұйымдары, криптоплатформалары немесе делдалдық құрылымдары тәуекел аймағына кіреді. Әрине, Қазақстан банктері соңғы жылдары санкциялық комплаенске өте сақ қарай бастады. Бұл дұрыс. Себебі бір күмәнді транзакцияның өзі банк үшін корреспонденттік қатынастарға, долларлық есеп айырысуға және халықаралық беделге соққы болуы мүмкін. Санкциялық комиссия да осы тізбектерді бақылап отыр. Әзірге Қазақстандық ешбір ұйым санкцияға ілікпейді деген гарантия жоқ», - дейді DALA INSIDE дереккөзі.
Енді Брюссель тауардың соңғы тұтынушысына ғана емес, бүкіл жеткізу тізбегіне қарайды. Қай елден шықты, қай компания сатып алды, қай банк төлем өткізді, қай қоймада сақталды, қай бағытпен жеткізілді, соңында кім пайдаланды, осының бәрі тексеріледі.
Қазақстан прагматикалық ұстанымын жақсы сақтауда. Біз Ресейге қарсы санкцияларға қосылған жоқпыз, бірақ өз аумағымыздың санкцияны айналып өтуге пайдаланылуына да мүдделі емеспіз. Бұл өте нәзік баланс. Себебі Қазақстан Ресеймен ұзын шекара, ортақ нарық, ЕАЭО, транзит және өндірістік байланыстар арқылы тығыз байланысқан. Сонымен қатар Қазақстан Еуроодақпен инвестиция, мұнай, уран, сирек металдар, көлік дәліздері және технология саласында әріптестікті тереңдетіп келеді.
DALA INSIDE кезекті санкция пакетінің құрамын бақылап отырмақ.