«Есік» музей-қорығындағы «Музей түні»

Dalanews 21 мам. 2024 20:41 3571

2024 жылы 18 мамыр күні Халықаралық музейлер күніне орай «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «МУЗЕЙ TYHI - 2024» дәстүрлі акциясы өтті. Биыл оныншы рет ұйымдатырылған іс-шара «Білім беру және зерттеу» тақырыбында өтті,  деп хабарлайды Dalanews.kz. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына сілтеме жасап. 


Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақты тарих пен дәстүрді дәріптеу арқылы тәрбиелеудегі және ұлттық құндылықтарымызды насихаттаудағы музейдің үлесін айқындау.


Айтулы шараның салтанатты ашылуында музей-қорық директоры Мұхтарова Гүлмира Райылқызы музей қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, әр маманның музей-қорықтың дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтіп, еңбектеріне табыс тіледі.

«Музей түні» бағдарламасы бойынша шара алдымен жастар мен мектеп оқушыларына арналған тарихтың жұмбақ тұсын табуға жол ашатын тартымды танымдық квест-ойынымен басталады.

Сонымен қатар қорық-музейдің экспозициялық залдарына экскурсия, ерте көшпенділердің «Бес қару» жауынгерлік өнері, тоғызқұмалақ ойынынан турнир және шекберлік сабағы, бестас, «Археологиялық қазбалар», термебау тоқу, «Сақ мәдениетінің мың бояуы» атты мүсіншелерді бояу, пертоглифтер көшірмесін алу сынды интерактивті ойындар ұйымдастырылды.


Іс-шараға атсалысып, қолдау білдірген музей серіктестері қатарында Дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің спортшылары карате, тхэквондо, көркем гимнастикадан өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерді тәнті етсе, Алматы облысының балалар-жасөспірімдер спорттық туризм және экскурсиялар орталығының мамандары эстафета ойындары мен жаттығулар жасап, ұлттық ойындардан жарыс өткізді. Сондай-ақ, іс-шараның «Білім беру және зерттеу» тақырыбына сай ұйымдастырылған «Сақ әлемі шеберлер көзімен» байқауы қорытындыланып, жүлделі орын иегерлері марапатталды. Көрмеге ұсынылған Еңбекшіқазақ ауданының ЖББОМ оқушыларының ғылыми жобалары таныстырылды. Тарихи құны бар бұйымдарды жинау мақсатында жарияланған «Музейге тарту» атты акциясы аясында 17 музейлік мәні бар құнды мұрамыз музей қорына келіп түсті.

Көрермендерімізге «Есік» музей-қорығы мен Алтын адам тарихына қатысты және экспозициялық залдар бойынша викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген қонақтарымызға арнайы сыйлықтар берілді.
Сонымен қатар көрермендерімізге ашық аспан астында деректі фильмдер, мультфильмдер көрсетіліп, «Жетісу қалалық мәдениеті VIII-XIV ғғ.», «Қазақ үй жабдығы», «Атадан қалған дүстүр - шеберлік», «Құбылмалы кесте», «Сақ әлемі шеберлер көзімен», «Білім, ғылым жастарда» атты көрмелер ұсынылды. Дәстүрлі музыкалық өнер бағдарламасының шымылдығы Қ.Сатпаев атындағы орта мектептің оқушылары Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Үш бақытым» (хор) әнімен ашылып, ары қарай атақты күйші Қожеке Назарұлының ұрпағы Рысбүбі Әмзебекқызы, белгілі жыршы-термеші Серік Сүйіндіктің шығармашыл отбасы: жас таланттар – Ақжарқын Айтбай, Нұргелді Айтбай, Ақторғын Айтбай өнерлерімен жалғасты. Батырлар жыры, Көдек Байшығанұлының өсиет толғаулары, Қожеке Назарұлының, Әбдімомын Желдібаевтың күйлері, халық әуендері мен Абай әндері шырқалды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар