Әлемнің 11 елінен келген қазақ балалары Бурабайда бас қосты

Әлемнің 11 елінен келген қазақ балалары Бурабайда бас қосты
Dala News

Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында шетелдегі қазақ диаспорасының балаларына арналған «Атамекен: қазақ ДНҚ-сын ашу» халықаралық балалар құрылтайы өтіп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Биылғы ауысымға Моңғолия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия, Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Еуропа елдерінен барлығы 288 бала жиналды. Құрылтай Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен өткізілуде.

Құрылтайдың басты мақсаты – шетелде өсіп жатқан қазақ балаларының тарихи Отанымен байланысын нығайту. Осы екі апта ішінде қатысушылар Қазақстанның тарихымен, мәдениетімен, ұлттық дәстүрімен жақынырақ танысып, қазақ тілінде еркін сөйлесуге, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ата жұртқа деген сағынышты ұлттық құндылықтармен ұштастыратын ерекше алаңға айналған. Балалар жаңа достар тауып, Қазақстанның түрлі өңірлерімен және бір-бірінің мәдени ортасымен танысып жатыр.

Биылғы ауысым «Атамекен: қазақ ДНҚ-сын ашу» деген атаумен өтті. Бағдарлама қазақтың болмысын ана тілі, домбыра үні, ұлттық ән, салт-дәстүр, үлкенге құрмет, кішіге ізет және туған жерге деген сүйіспеншілік арқылы танытуға бағытталған.

Екі апта бойы балалар шығармашылық байқауларға, ұлттық ән сайысына, спорттық жарыстарға, танымдық кездесулерге және достық фестиваліне қатысты. Сонымен қатар «ATAMEKEN DNA», «Елдер мен мәдениеттер палитрасы», «Бір әуен – бір халық», «Жүректе қалған Балдәурен» жобалары ұйымдастырылды.

Биыл құрылтайға Моңғолиядан – 74, Қытайдан – 57, Өзбекстаннан – 53, Ресейден – 50, Қырғызстаннан – 35, Түрікменстаннан – 15, Ауғанстаннан – 3 және Еуропа елдерінен 1 бала қатысты. Жалпы қатысушылар саны – 288.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының кеңесшісі Қарлығаш Бекпатшақызы мұндай жобалардың шетелдегі қазақ балаларының тарихи Отанмен байланысын нығайтудағы маңызы зор екенін айтты.

«Бұл жоба арқылы жас буын Қазақстанды жақынырақ танып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірді. Әртүрлі елден келген балалар өзара достық қарым-қатынас орнатып, қазақ халқының мәдени мұрасын тереңірек тануға мүмкіндік алды. Мұндай бастамалар әлем қазақтарының бірлігін нығайтуға қызмет етеді», – деді ол.

Құрылтай аясында балалардың тарихи Отанмен байланысын нығайтуға, ұлттық мәдениет пен дәстүрді тереңірек тануына басымдық берілді. Бағдарламаға қатысушыларды іріктеу мен ұйымдастыру жұмыстарын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы жүргізді. Құрылтай барысында сөз сөйлеген ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің шетелде тұратын қазақ балаларының ұлттық болмысын сақтауға және Қазақстанмен байланысын күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Айта кетейік, өткен жылы да Ақмола облысындағы «Балдәурен» орталығында «Мен Qazaqпын» халықаралық балалар құрылтайы өткен болатын. Оған әлемнің жеті елінен 288 этникалық қазақ баласы қатысқан еді. Биылғы «Атамекен» құрылтайы сол дәстүрдің жалғасы болды.