Ержан Ертаев энергетика вице-министрі болып тағайындалды

Ержан Ертаев энергетика вице-министрі болып тағайындалды
Ержан Ертаев. Фото: primeminister.kz

Үкімет қаулысымен Ержан Ерболұлы Ертаев Қазақстан Республикасының энергетика вице-министрі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, Ержан Ертаев 1985 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Инновациялық Еуразия университеті мен Анхальт қолданбалы ғылымдар университетін тәмамдаған.

Еңбек жолын 2009 жылы жеке секторда электр механигі болып бастаған. Кейін Павлодар облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жетекші маман және бас маман қызметтерін атқарды.

2013-2014 жылдары Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде бас сарапшы, кейін басқарма басшысы болды.

2015-2018 жылдары Энергетика министрлігінің Ақмола және Қарағанды облыстарындағы аумақтық департаменттерін басқарды. 2018-2020 жылдары министрлік комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2020-2021 жылдары Павлодар облысының Энергетика және ТКШ басқармасын басқарса, кейін "Самұрық-Энерго" компаниясы басқарма төрағасы аппаратының басшысы болды.

2022-2023 жылдары "Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1" ЖШС бас директоры қызметін атқарды.

Одан кейін Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасының орынбасары болды.

2024 жылғы шілдеден бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы қызметін атқарған.