Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Қазақстанда АЭС бойынша референдум қарсаңында белсенділердің ұсталуына қатысты құқық қорғау органдарынан жауап күтіп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“ҚР Бас прокуратурасы, ҚР Ішкі істер министрлігі Мәжіліс депутаттары мен қоғамның сұрақтарына жауап беруі керек: Референдум қарсаңындағы бұл не дабыра?
Елдің саяси билігі сіздердің мынау әрекеттеріңізден хабардар ма? Әлде бұл президент Тоқаевтың саясатына қастық жасаушы әлдебір шолақ белсенділердің өзімбілемдігінен туған әпербақандық па?
Жоқ әлде, расында да, 6 қазан қарсаңында елде әкімшілік тұрғыдағы заңбұзушылық жиілеп кетті ме? Шұғыл түрде жауап күтеміз!”, - деп жазды Бапи өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұған дейін белсенділердің ұсталғаны туралы қоғам белсенділері хабарлаған болатын.
“Алматыда 12 адам ұсталды: алтауын босатты, ал алты адам екі айға қамауға алынуы мүмкін... Алда әлі бір апта бар... Билік неге осыншалықты алаңдаушылық тудырып отыр, түсінбеймін?” - деп жазды құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ол 29 қыркүйек күні Алматыда қылмыстық іс аясында ұсталғандардың тізімін жариялады:
1. Мұбараков Айдар – ұсталған;
2. Темірғалиев Нұрлан – ұсталған;
3. Сыдыков Фазылжан – ұсталған;
4. Қазақбай Жанат – ұсталған;
5. Жексембиева Нұргүл – қолхатпен босатылған;
6. Шатемірқызы Ақмарал – қолхатпен босатылған;
7. Галина Аққұзова – қолхатпен босатылған;
8. Мақсұтов Жеңіс – қолхатпен босатылған;
9. Тоқманбет Рақыш – қолхатпен босатылған;
10. Азат Төлеухан – қолхатпен босатылған;
11. Жауанбаев Нұрлан – құқық қорғаушылар мәліметтерді анықтауда;
12. Ерболат Әубәкіров – құқық қорғаушылар мәліметтерді анықтауда;
13. Жаслан Көпеев – әкімшілік іс;
14. Талғат Игісінов – 15 тәулікке қамау;
15. Жансейітов Бақытжан – ӘҚБтК 488-бабы 6-тармағы бойынша іс;
16. Марат Мусабаев – 20 тәулікке қамау.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін қазақстандық ғалым және мемлекет қайраткері, бұрынғы көлік және коммуникациялар министрі Серік Бүркітбаев Қазақстандағы АЭС құрылысын “энергия тапшылығымен” түсіндіретін шенеуніктердің мәлімдемелеріне күмән келтірген болатын. Сондай-ақ КазТАГ агенттігі бұрынғы KEGOC басшысы Әсет Наурызбаевтың жаңартылатын энергия көздерінен арзан әрі қауіпсіз энергия көзі жоқ екенін айтқанын хабарлады. Сонымен қатар, әлемдегі ең танымал жасанды интеллекттердің бірі – ChatGPT – Қазақстанда АЭС салу қазір өте қауіпті қадам болатынын мәлімдеген. Осыдан кейін АЭС-ке қарсы белсенділер өз пікірлестерін референдумға баруға шақырды. Қазақстандағы әлеуметтік желілерде АЭС туралы жағымсыз пікірлер қарқыны қолдайтын пікірлерден бес есе көп болғаны анықталды.