Ерлан Қарин: Көк паспорт – қазақстандық бірегейліктің символы

Ерлан Қарин: Көк паспорт – қазақстандық бірегейліктің символы
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстандағы идеологиялық өлшем туралы айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz. Ерлан Қариннің сөзінше, жалпы, идеологиялық жұмыстың бірнеше өлшемі бар.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстандағы идеология туралы пайымын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше,елде идеологиялық жұмыс негізінен екі бағытқа жұмсалады. 

Бірінші бағыт – жалпыреспубликалық, жалпы азаматтық деңгейдегі  бірегейлікті қалыптастырудағы жұмыстар. 

"Бұл жерде тағы да Президентіміздің қадап айтқан бір сөзі бар: "Біздің қазақстандық бірегейліктің бірден-бір өлшемі, оның белгісі – ол біздің көк паспортымыз". Бұл нені білдіреді? Яғни, осы аумақта, осы жерде тұрып жатқан Қазақстан азаматы деп танылған кез келген тұлға ол мемлекеттің қорғауында, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде тиесілі барлық құқықтарға ие. Яғни, бұл біздің жалпы азаматтық бірегейліктің өлшемі", - дейді Ерлан Қарин "Бас тақырып" бағдарламасына берген сұхбатында. 

Қариннің сөзінше, екінші маңызды өлшемі – ол ұлттық бірегейлігіміз. Яғни, қазақстандық, жалпы азаматтық бірегейлік ол әртүрлі халықтардың өзара әрекеттесуінен қалыптасады, бірақ оның өзегінде қазақ халқының дәстүрлері мен құндылықтары тұрады.

"Сондықтан біздің мақсатымыз  – бірегейлікті күшейту үшін әрқашанда өзіміздің төл құндылықтарымызды әрі қарай дамыту және қорғау. Сондықтан да идеологиялық жұмыс негізінен осы екі бағытқа жұмсалады. Биыл Президент Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында қоғамды біріктіретін, негіз болатын құндылықтардың тізімін жариялаған болатын. Қазір сол құндылықтарды қоғамда орнықтыру жұмысымен айналысып жатырмыз", - деп түсіндірді Мемлекеттік кеңесші.