Ерлан Қарин: Мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді

Ерлан Қарин: Мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді
Ерлан Қарин. Фото: gov.kz

Қазақстанның вице-президенті Ерлан Қарин Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиғаға байланысты қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, халықты сабыр мен бірлікке шақырды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, жалпыұлттық аза тұту күніне байланысты елдегі мемлекеттік Тулар төмен түсіріліп, ойын-сауық шаралары тоқтатылған. Телеарналар мен радиолардың бағдарламаларына өзгерістер енгізіліп, бірқатар ақпарат құралдары қаралы күнге сай жұмыс режиміне көшкен.

"Қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына тағы да қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Жауынгерлер Отан алдындағы әскери борышын адал атқарды", – деді Ерлан Қарин.

Вице-президент қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларына жан-жақты көмек пен қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы Үкіметтік комиссия құрылып, құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар бірқатар қазақстандық кәсіпкерлер марқұмдардың отбасыларына материалдық көмек көрсететіндерін мәлімдеген.

"Халқымыз осынау қиын сәтте тағы да өзінің береке-бірлігін көрсетіп, ауыр қайғыны бөлісіп жатыр. Жұрттың ынтымағы, мемлекеттің беріктігі осындай қысылтаяң шақта білінеді", – деді мемлекеттік кеңесші.

Ерлан Қарин қазақстандықтарды сабыр сақтауға, бір-біріне қолдау көрсетуге және ауыр кезеңнен ел болып бірге өтуге шақырды.