Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен өткен Идеологиялық кеңес отырысында ішкі саясат саласындағы негізгі міндеттер қаралды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жиынға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері мен бейінді орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Отырыстағы міндеттердің бірінші блогы конституциялық құндылықтарды жүйелі түрде ілгерілету мәселесіне арналды.
Ерлан Қарин Ата заңда бекітілген құндылықтар Мемлекет басшысының елді жан-жақты жаңғыртуға бағытталған стратегиялық реформаларының тұжырымдамалық өзегін құрайтынын атап өтті. Сондықтан мемлекеттік саясат прогрессивті конституциялық қағидаттарды қоғамда орнықтыруға бағытталуы қажет.
Бұл бағыт ең алдымен Заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз етуді, жалпыұлттық бірлікті, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуды, мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамытуды, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қамтиды. Сонымен қатар қоғамда еңбек культін, әлеуметтік оптимизмді, жауапты әрі жасампаз патриотизм идеясын орнықтыру көзделеді.
Ерлан Қариннің айтуынша, осы бағыттағы мемлекеттік аппарат жұмысының мазмұнын айқындайтын негізгі құжаттар – Мемлекет басшысының тапсырмасымен қабылданған «Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Президент Жарлығы және Қазақстан Республикасының Конституциясын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспары.
Міндеттердің екінші блогы жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру мәселесіне арналды.
Ерлан Қарин бұл бағытты идеологиялық жұмыстың маңызды басымдықтарының бірі ретінде атап өтті. Оның айтуынша, жаңа қоғамдық этика өмірдің барлық саласын, соның ішінде қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениетін де қамтуға тиіс.
Сондай-ақ бөгде құндылықтар мен мінез-құлық нормаларын таңуға, қоғамдық өмірді ескілікке бұруға және тарихты мифке айналдыруға бағытталған әрекеттерге кешенді түрде қарсы тұру жеке міндет ретінде белгіленді.
Осыған байланысты Ерлан Қарин «Заң және тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын және «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын дәйекті түрде іске асырудың маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасын кең ауқымда жүзеге асырудың жаңа тәсілдерін әзірлеу қажеттігі айтылды. Атап айтқанда, бірыңғай цифрлық платформа құру, өңірлердің рейтингін қалыптастыру, тазалықтың ұлттық стандартын енгізу және Қазақстанды көгалдандырудың онлайн-картасын жасау ұсынылды.
Міндеттердің үшінші блогында ішкі саясат саласындағы барлық стратегиялық құжаттарды сапалы орындау мәселесі қаралды. Олардың қатарында «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы, Дін саласындағы мемлекеттік саясатты дамыту тұжырымдамасы, Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы және Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу тұжырымдамасы бар.
Сонымен бірге Вице-Президент Мемлекет басшысы бастамашылық еткен басқа да бағдарламалық құжаттарды уақтылы әзірлеудің өзектілігіне назар аударды. Атап айтқанда, «Оқитын ұлт» тұжырымдамасы мен Этносаралық қатынастар және қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі айтылды.
Жалпы, Ерлан Қарин Мемлекет басшысының стратегиялық реформалары мен Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған ауқымды жұмысты сапалы ақпараттық және идеологиялық тұрғыдан сүйемелдеудің маңызын атап өтті.
Оның айтуынша, барлық жалпыұлттық жобалар мен бастамалар елді жаппай жаңғыртудың тұтас жүйесіне кіріктірілуге тиіс.
Жиын соңында Вице-Президент мемлекеттік органдардың ішкі саяси жұмысында бақылауды, жүйелі тәсілді және жалпы үйлестіруді қамтамасыз ету қажеттігін тағы да еске салды.
«Ішкі саясат саласындағы жүйелеу жұмысын жалғастыру қажет – бірыңғай талаптарды, нақты регламенттер мен рәсімдерді бекіту керек. Қарқынды бәсеңдетуге немесе қол жеткізген нәтижелермен тоқтап қалуға болмайды, үнемі алға ұмтылу қажет. Біздің ортақ міндетіміз – азаматтардың сұранысына тиімді жауап беру, жасампаз күн тәртібі мен жаңа конституциялық құндылықтарды ілгерілету, Президент бастамаларының сапалы әрі тиімді іске асырылуын қамтамасыз ету», – деп түйіндеді Ерлан Қарин.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясат саласындағы жұмыстың негізгі бағыттарын практикалық тұрғыда іске асыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.