Еркіндіктегі тұтқын

Dalanews 26 қаң. 2017 06:36 841

Кафканың «Сот орындаушы» романы абсурдтық постмодерндік әдебиеттің бірден бір үлгісі саналады. Бұл роман 1915 жылы жазылғанымен, автордың өлімінен соң он жылдан кейін жарық көрді.
Таңертең банк қызыметкері Йозеф К. төсегінен тұрды. Бүгін оның туған күні болатын. Әдеттегідей әр күні таңғы ас әкелетін қызыметші әйел уақытынан кешіге берді. Бір кезде есік қағылып, үстіне қара палто киген ер адам бөлмеге кіріп келді. Ол еш таңғаларлық жағдай болмағандай өзін еркін ұстап, төсектегі Йозеф К.-ға қарап тұрды.
Ол Йозеф К.-нің таңғы асым қайда деген сұрағына бүгін ешқандай таңы ас болмайтынын ескертті. Ол және де өзінің сонша неге таң атпастан келіп тұрғанын түсіндіріп, Йозеф К.- ны тұтқындағалы келгенін ескертті. Йозеф К. өз ортасында құрметті және заңға бағынатын адам еді. Ол осы уақытқа дейін бір рет болса да қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Бірақ олардың өз қылмысы туралы берген түсініктемелері түсініксіз болғанына қарамастан К. олардың тұтқындау туралы бұйрығын қабылдайды. Өзінің не үшін айыпталып жатқанын түсінбесе де, ол сақшы бөлімшесіне барып жауапқа тартылуға келіседі. К. оларға күнәһар адамша бағынады. Бірақ бұның бәрі біреудің өзінің туған күніне байланысты істеп жатқан ойыны, не болмаса бұл бір түс деп қабылдап, өзіне сенімді жүреді. Бірақ К. мырзаны ешқандай күзетші күзетпейді. Не оны түрмеге қамамайды. Ол бір жағынан тұтқындалған адам болғанымен, бір жағынан баяғы қалыпты тіршілігін жалғастырып, жұмысына барып-келіп жүреді. К. өзін айыптайтын сот отырысына қатысуға мақұлдық береді. Бірақ оған жұмысына кедергі келтірмеуі үшін жексенбі күні барып тұруға уәде береді.

Келесі жексенбі күні К.-ға: «Қаланың маңындағы бір көшеде сот болады» деп телефонда хабарлайды. К. үйден шыққанда сот болатын орынның мекенжайын, уақытын нақты түсіндіріп айтпағанын ұғынады да, өз жорамалымен тоғызыншы үйге бармақ болып шешеді. Аталған көшеге келгенімен, ондағы көпқабатты квартиралардың көптігінен К. әр бөлменің есігін қағып, ағашшы Ланцты сұрайды. Оны ешкім білмейтін болып шығады. К. Ланцтың жоқтығына көзі жеткен кезде кір жуып отырған бір әйел Ланцтың бар екенін айтып, үйге кіргізеді. К. қара пальто киіп, қатар-қатар болып тұрған қалың адам тұрған кішкене залдың ішіне кіреді. Бір түрлі сотты аласа бойлы, толықша келген судия жазба столдың қасында тұрып жүргізіп тұрады. К.-ге көзі түскен судия оған ашулана тіл қатып, бір сағат бес минутқа кешіккенін, бұдан кейінгі кезде қайталамауын ескертеді. Айыпталушы оған бола ренжімейді. Ол қарт судияны, оның "құжат" деп атайтын дəптерін кекетеді. Отырған адамдар күлкіге қарқ болып, қол шапалақтайды. Йозеф отырғандардың көңілін тапқандай көрінеді. Ол сотта жеңіске жететіндей сезінеді. К.-ның соты бір жылға созылады. Әр күн сайын айыпталушының соты күрделіленіп, абсурдтық түс ала бастайды. К. соттың талқысын жабық күйде ұстағысы келгенімен айналасындағыларға тарап кетеді. Кейде көшеде кездескен жолаушылармен сөйлесе қалса болды өзінің соты туралы олар да білетін болып шығады. Йозеф К. ағасына амандаса барғанда ол да сот ісі туралы білетіндердің қатарында екенін аңғартады. Ол К.-ге көмектесу үшін адвокат тауып береді. Заңгер өзі кәрі, сонымен бірге ауру болады. Оған қарайтын Лени атты қызбен К. көңілдес болып алады. К. тұтқындалғаннан бастап оның әйелдерден жолы болғыш болып кетеді. Бұл сәйкестік емес. Нәзік жандыларға үнемі "жаман жігіттер" ұнайды. Енді К. мақтанышпен өзін сол қатарға қоса алады
Бір күні Йозеф К. жауыннан қашып шіркеудің ішіне кіреді. Шіркеуден күннің күркірі секілді гүрілдеген пірәдардың дауысы естіледі. Ол К.-ге шын мәнінде жағдайы жаман екенін, сотта жеңілетінін айтады. Пірәдар және де мынадай тәмсіл айтады: «Жұрт айтады, бір заң қақпасының алдында бір есік қараушы тұрыпты. Оған бір шаруа келіп: «Қақпадан өтуге бола ма?» деп сұрапты. Есік қараушы теріс жауап беріпті. Шаруа тағы да:«Болашақта кіруге бола ма?» депті. Бұл жолы есік қарушы дұрыс жауап беріп, «иә» депті. Мұндай мүмкіндікті жібергісі келмеген шаруа кіруге рұқсат еткенше күте тұрмақ болады. Есік қарушы да оны қуып жібермей, қақпаның алдындағы орндықта жатуына рұқсат береді.
Шаруа қақпаның алдында ұзақ жыл күтеді. Бірақ қақпадан өту туралы рұқсат келмейді. Шаруаның сақал-шашы ағарып, өмірі кәрі тәнінде әрең жан сақтап, көздері көруден қала бастағанда есік қараушыдан сұрайды: «Барлық адам заңға ұмтылады, бірақ мен күткен ұзақ жылдан бері тірі жан иесі қақпадан кірмеді ғой?» дейді көздерін жұмып, әрең тыныстап. Сонда есік қараушы: «Мұнда ешкім де кіре алмайды. Бұл тек сенің ғана кіруіңе арналған қақпа. Енді барамын да қақпаны бекітемін» дейді. Пірәдар және де заң туралы білгісі келгенімен, табалдырық маңында мақсатсыз төңіректеп жүрген, не ішке кіру туралы ұмтылыс жасамаған шаруаның өмірімен К.-нің істеп жүрген тірлігі ұқсас екенін айтады.
Пірәдармен кездесіп біраз өтпей Йозеф К.-ның отыз екі жасқа толған туған күнінде оған жаза орындаушылар келеді. Айыпталушы ешқандай хабарландыру алмаса да сарапшымен кездесуге дайын болады. К.-ны екі қарауыл қаланың шетіндегі тас қашайтын жерге әкеліп, үстіндегі жейделерін, шалбарын шештіріп, басын тастың үстіне қойдырып, жүрегіне қанжар қадайды. Йозеф К. өліп бара жатып «ит секілді өлу» деп ойға қалады. Өлім жазасы сот басталғаннан кейін бір жылдан кейін орындалады. Марқұм Йозеф те, оқырман да жоғарыдағы айыптау мен тұтқындау себебімен таныса алмады.
«Сот орындаушы» романы Кафканың басқа да шығармалары секілді модернизмнің Болмысшылдық (экзистенциализм), елес реализмі секілді әртүрлі стилдері тоғысқан. Кафканың романынан шындық пен жалғандық, қиял мен реалдылық біріне-бірі кірігіп кеткені соншалық, оларды ажырату мүмкін емес. Ол абсурд пен қиялға толы шығармасын кәдімгі осы өмірде болып жатқан қалыпты жағдай секілді ғып, есіңнен кетпестей етіп бейнелеп жазады.
Камю өзінің «Кафка шығармаларындағы үміт пен абсурд» деген мақаласында ЙозеФ К. өзінің өміріне әсер етіп жатқан ақылға сыймас жағдайды мүле таңырқаусыз, сүлесоқ қабылдайды. Шығармада енжарлықтың баса көрсетілуі Кафканың абсурдтық шығармасының басты белгісі» дейді.

«Солақайлар» әдеби клубы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар