Таяуда Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде қажет емес заттардан жасалған бұйымдарға арналған ерекше көрме өтті. Мектепке дейінгі және бастауыш кафедрасы тұрмыстық заттардың қалдықтарынан жаңа зат жасау арқылы студенттердің шығармашылығын дамыту, педагогикалық мамандық студенттерінің экологиялық мәдениеті мен көркем шығармашылық саласындағы кәсіби құзіреттіліктерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырған.
Мектепке дейінгі және бастауыш кафедрасының меңгерушісі Тұрсынай Байназарова: «Көрме өткізу идеясы студенттерді шабыттандырды. Бүгін тамаша жұмыстарға куә болдыңыздар. Біз еңбекке баулитын пәндерде ғана жаңа заттарды жасауды үйрететін болсақ, ендігі кезекте кез келген қызығушы жан арнайы үйірмеге қатыса алады. Жаңа «Шебер қолдар» үйірмесін ашатындығымызды хабарлаймыз», – деп, жастардың қолөнермен айналысуына шабыттандыратын үйірме туралы сүйінші хабарын жеткізді.
Қиял жүйріктігі мен жаңаша ойлау қабілеттерін танытуды міндет деп тапқан педагогика және психология і мен «ҚазНұр» гуманитарлық колледжінің студенттері көрмеге ерекше атсалысты. Өз мамандықтары бойынша кәсіби өсуге сеп болатын шараға пластик бөтелкелерден, қақпақтардан, лампалардан, гүлшоғы оралған қағаз, лента, картон, диск сынды пайдаланылған заттарды қолдана отырып жаңа дүниелер жасаған. Әр жұмыстың атауы, авторы көрсетіліп, қазылар алқасына ұсынылды.
– Бастауыш білім беретін мамандары өте жан-жақты әрі ізденімпаз болу керек. Бұл саланы таңдаған педагогтар өте әмбебап маман деп айтуға болады. Мұғалім оқушыларға тек қана әріп танытып, есеп шығарту ғана емес, ән де айтқызып, сурет те салдырып үйретеді. Сондықтан да осындай шаралар арқылы кәсіби дамытуға үлес қосамыз. Біздің алдымыздан тәлім алып жатқан бүгінгі студенттер ертең балаларды қызықтыруға, қолөнермен айналысуға, ұшқыр ойлауға үйрететін шеберге айналу керек», – дейді қырық жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар ұлағатты ұстаз Татьяна Левченко.
«Көңілді ферма», «Кира торай», «Алтын балық» деген атауларды алған сан алуан заттар көздің жауын алады. Баланың ойлау қабілетін дамытуға әсер ететін, оңай әрі тез жасалатын заттар көрнекілік құрал ретінде пайдалануға да әбден болады. Көрмеге қойылған заттарды әр топтың белсенділері таныстырып, қандай заттарды қолданғандықтарына тоқталып өтті. Тіпті, туындыларын өлең жолдарымен таныстырған белсенді студенттер өз мамандықтарын шын ықыласпен таңдағандықтарын көрсетті.
Көрмеге қойылған заттар өзіндік ерекшелігі, эстетикалығы, экологиялық құндылығы, пайдаланылған материалдардың әртүрлілігі бойынша сарапқа салынып, ең үздіктері анықталды. Қорытындысы бойынша «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 3-курс студенттері: Карина Шабдан, Әсел Әбілқайырова, Раушан Садықованың жұмыстары Бас жүлдеге ие болды. Ал «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі мамандығының 4-курс студенті Нұрбүбі Имарджанова, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 3-курс студенті Нұрсұлу Жақыбай І орын иеленсе, «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығының 2 және 3-курс студенттерінен 202, 302 тобы жасаған жұмыстар ІІ орынға лайық деп танылды. «Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі» мамандығының 2-курс студенттері, яғни 205 топ пен 2-курс студенттері Аяулым Сағатжан, Әнел Сұлтанбекова, Ольга Шегай ІІІ орын алды.
– Біз сабақта өз мамандығымызға қатысты пәндердің барлығын өтеміз. Еңбекке баулу пәні бойынша шығармашылық жұмыстармен айналысып келеміз. Осындай байқауға қатысқанымызға қуаныштымыз. Бәсекелесе отырып жақсы нәтиже шығара аламыз, – дейді педагогика және психология факультетінің 2-курс студенті Еркежан Қаймоллаева.
«Қыздар университеті» медиа орталығы