Қазақстанда дизель отынының импорты 1,7 есе өсті

Қазақстанда дизель отынының импорты 1,7 есе өсті
Фото: ЖИ

2026 жылдың қаңтар-шілде айларында елге 264,7 мың тонна дизель жеткізілді. Импорттың жалпы құны 224,5 млн доллар болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

LS мәліметінше, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда сырттан әкелінген дизель көлемі 1,7 есе артқан.

Негізгі жеткізуші – Ресей. Жеті айда бұл елден Қазақстанға 258,5 мың тонна дизель отыны импортталды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,7 есе көп.

Беларусьтен жеткізілген өнім көлемі 60,8 есе өсіп, 3,6 мың тоннаға жетті. Ал Қырғызстаннан сатып алу 1,6 есе қысқарып, 2,4 мың тоннаны құрады.

Осы аралықта автомобиль бензинінің импорты, керісінше, 4,6 есе азайып, 107,8 тонна болды. Оның барлығы Ресейден жеткізілген. Сондай-ақ Қазақстан Ресейден 47 тонна авиациялық отын сатып алды. Бұл былтырғыдан 3,2 есе аз.

Жанармай экспорты төмендеді

2026 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстан шетелге 59,6 млн долларға 79,1 мың тонна автомобиль отынын экспорттады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе төмен.

Жанармайдың ең көп көлемі Өзбекстанға жөнелтілді. Бұл елге 43,7 мың тонна өнім сатылғанымен, көрсеткіш бір жылда 1,5 есе азайды.

Ресейге 8,7 мың тонна отын экспортталды. Былтыр қаңтар-шілде айларында бұл бағытта жеткізілім болмаған.

Ауғанстанға сатылған өнім көлемі 1,6 есе артып, 17,9 мың тоннаға жетті. Тәжікстанға жөнелтілген жанармай 3% көбейіп, 4,5 мың тоннаны құрады. Бұдан бөлек, Қазақстан Әзербайжан мен Грузияға да бензин жеткізе бастаған.

Ал дизель отынының экспорты маусымаралық өніммен шектелді. Қырғызстанға 686,8 мың долларға 1 мың тонна дизель сатылды. Бір жыл бұрын мұндай жеткізілім болмаған.