Саясатта да, экономикада да сенім – бұл капитал, ал сенімділік – оның ең жоғары формасы. Өсіп келе жатқан халықаралық турбуленттілік жағдайында қарым-қатынастың дәл осындай сипаты ерекше құндылыққа ие болады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үш онжылдықтан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Германия өзара сенімнің қомақты капиталын жинақтап, конструктивті саяси диалогпен, келісімдерді іске асырудағы жүйелілікпен және нақты нәтижеге деген берік ұмтылыспен ерекшеленетін стратегиялық серіктестіктің сенімді қаңқасын құрды.
Қазақстан үшін Германия – жай гана негізгі сауда серіктесі және ірі инвестор емес. Бұл – бізді ортақ экономикалық мудделер мен халықаралық құқыққа деген бұлжымас адалдық біріктіретін мемлекет.
Бүгінде біздің өзара іс-қимылымыз екіжақты күн тәртібі шеңберінен әлдеқайда тыс шығып отыр. Ол Азия мен Еуропа арасындағы маңызды жалғаушы буынға айналып, бүкіл еуразиялық кеңістіктегі экономикалық орнықтылықты, энергетикалық қауіпсіздікті және көліктік өзара байланысты нығайтуға елеулі үлес қосуда.
Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан терең адами байланыстар ынтымақтастықтың берік тірегі болып табылады. Бүгінде Қазақстанда 200 мыңнан астам этникалық неміс, ал Германияда елімізден шыққан миллионнан астам адам тұрады. Ортақ тарихи зерде мен мәдени дәстүрлер халықтарымызды жақындата түседі.
Дәл осы фундамент болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік береді.
Сондықтан Германияға жасаған бұл сапарымды, ең алдымен, стратегиялық серіктестігіміздің жаңа тарауын ашуға, жаңа өсу нүктелерін айқындауға және бірлескен жұмысқа қосымша серпін беруге мүмкіндік деп қараймын.
Бұл үшін барлық қажетті алғышарттар бар. 2025 жылы өзара сауда көлемі 9 миллиард долларға (7,9 миллиард евро) жуықтады. Қазақстанда неміс капиталының қатысуымен мыңнан астам кәсіпорын тіркелген.
Бұл ретте айтарлықтай әлеует қазақстандық экспортты әртүрлілендірумен және қосылған құны жоғары өнім өндірумен байланысты.
Бұл ретте қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту және қазақстандық экспортты диверсификациялау зор әлеуетке ие.
Біз Германия нарығына өңделген өнімнің 80-нен астам түрін қосымша жеткізе алар едік.
Ең үлкен мүмкіндіктер металлургия, мұнай-химия, тамақ өнеркәсібі және теміржол машинасын жасауда шоғырланған. Критикалық минералдар саласында күш-жігерді біріктіру де өте өзекті болып табылады.
Энергетикалық өту мен цифрландыруға арналған стратегиялық ресурстар
Қазақстан Еуропа экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар шикізаттың 34 түрінің 21-ін өндіріп жатыр. Олардың арасында литий, кремний, кобальт, ниобий, вольфрам және мыс бар. Бұл материалдар энергетикалық өту, машина жасау, өнеркәсіптік өндіріс, микроэлектроника, цифрлық технологиялар үшін өте қажет.
Біз неміс серіктестерімізге жай гана кепілдік берілген жеткізілімдерді емес, геологоразведка мен өндіруден бастап өңдеуге, компоненттерді шығаруға және материалдарды қайта пайдалануға дейінгі толық өндірістік тізбектерді бірлесіп құруды ұсынамыз.
Қарым-қатынасымызда энергетика саласы ерекше орын алады. Қазақстан Еуропаға энергоресурстарды сенімді әрі тұрақты жеткізуші ретінде өзін көрсете білді, ол Еуроодақ мұнай импортының шамамен 13%-ын және табиғи уран жеткізілімінің 20%-ын қамтамасыз етеді. 2025 жылы Германияға жеткізілген мұнай көлемі 10 миллион тоннадан асты.
Біз қолда бар көліктік мүмкіндіктерді ескере отырып, бұл миссияны одан әрі де жауапкершілікпен орындауға дайынбыз.
Жаңартылатын энергетикада, электр желілерін жаңғыртуда және энергия тиімділігін арттыруда үлкен перспективалар ашылуда. Экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту Шығыс пен Батысты жалғайтын сенімді көлік бағдарларын талап етеді.
Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға құрлықтағы жүк транзитінің шамамен 85%-ы өтеді – бұл өткен жылдың қорытындысы бойынша 40 миллион тоннаға жуық.
Транскаспий халықаралық көлік маршруты Азия мен Еуропа арасындағы қатынас мүмкіндіктерін кеңейтеді. Ағымдағы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша осы дәліз арқылы тасымалдау 22%-ға артты, ал Шығыс – Батыс бағыты бойынша транзит көлемі 55%-ға өсті.
Жаңа көлік жобалары бірқатар өңірлерді Каспий порттарымен тікелей байланыстыруға және Қытай – Еуропа бағдарын 1 000 шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді. Осылайша, біз тезірек өту жолдарын жасап, неміс бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашамыз.
Неміс компанияларын еліміздің аумағы арқылы әуе арқылы жүк тасымалдауға белсенді түрде тарту және Қазақстанда авиахабтарды дамыту тағы бір маңызды бағыт болуы мүмкін.
Қазақстан мен Германия мүмкіндіктерінің синергиясы
Бүгінгі таңда тауарлардың қозғалысы деректердің қозғалысымен тығыз байланысты. Сондықтан цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу қазақ-неміс ынтымақтастығының тағы бір перспективалы бағыты болуға тиіс.
Білікті мамандарсыз ешқандай стратегия табысты болмайды. Серіктестігіміздің болашағын неміс стандарттары бойынша білім алған және бірлескен кәсіпорында білімін қолданатын жас қазақстандық инженердің бейнесі айшықтайды.
Инвестициялық шешімдер де мемлекеттік институттарға деген сенімсіз мүмкін емес және ұзақ мерзімді тәсілді талап етеді.
2019 жылдан бастап Қазақстан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар арқылы бұл негіздерді жүйелі түрде нығайтып келеді.
Сыртқы саясатта Қазақстан өзара құрметке, мемлекеттердің суверенді теңдігіне және халықаралық құқықты сақтауға негізделген теңгерімді де прагматикалық бағытты ұстанады, бұл елімізді сенімді әрі болжамды серіктес етеді.
«Einigkeit macht stark» – «Бірлікте – күш», – дейді неміс мақалы. Бұл даналық Қазақстан мен Германияның мүмкіндіктері бір-бірін органикалық түрде толықтыратын біздің өзара іс-қимылымызда шынайы көрініс табады.
Өзара тиімді ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейте отырып, елдеріміз еуразиялық континенттегі тұрақтылық пен гүлдену кеңістігін бірлесе нығайта түсетініне сенімдімін.