Ердоғанның басты қарсыласы Фетхуллах Гүлен қайтыс болды

Көркем Алдабергенова 21 қаз. 2024 12:04 4446

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы Фетхуллах Гүлен өмірден өтті, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Түркияда террористік деп жарияланған FETO ұйымының негізін қалаушы Фетхуллах Гүлен АҚШ-та көз жұмды. Бұл ақпаратты оның жиені Эбуссеме Гүлен растады.

Фетхуллах Гүлен АҚШ-та 1999 жылдан бері тұрады. Ол 84 жасында 20 қазанда Пенсильваниядағы клиникада жан тапсырды.

Айта кетейік, 2016 жылдың 16 шілдесінде Түркияда «әскери төңкеріс» болған еді. «Әскери төңкеріс» болған сәттен бірер минут өткен соң, ел президенті Режеп Тайып Ердоған «төңкерісті Гүлен ұйымдастырды» деп мәлімдеме жасап үлгерген еді.

Төңкерістен кейін айналдырған 4-5 күннің ішінде жүздеген мың адамды жұмыстан шығарып, тұтқындау операциясы басталған болатын. Алайда, Гүлен тағылған айыпты «жала» деп тауып, халықаралық комиссия құруға шақырған еді. Араға 8 айға жуық уақыт салып, Германия, Америка, Англия мемлекеттері «әскери төңкеріске» байланысты бірінен соң бірі мәлімдеме жасап, арнайы пікір білдірді. Неміс Қауіпсіздік қызметі (BND) басшысы Бруно Кахл төңкеріс әрекетінің артында Гүлен тұр дегенге дәлел жоқтығын айтқан.

«Der Spiegel» http://www.spiegel.de/international/germany/german-intelligence-chief-bruno-kahl-interview-a-1139602.html журналына  сұхбат  берген Кахл 15 шілдедегі төңкеріс жасауға әрекеттің Түркияда мемлекеттік қызметкерлерді жұмыстан қуып, қарсыластарды түрмеге тыққан «тазалау толқыны» үшін «бір сылтау» ретінде қолданылғанын айтып, «Төңкеріс расында жүзеге асқан күннің өзінде қазір көргендерімізді көрер едік, мүмкін дәл осындай тереңдік пен радикалды кейіпте болмас еді» деді.

Төңкеріс әрекетінің артында Фетхуллаһ Гүлен тұрғандығы жайлы дәлел таба алмағандарын айтқан Кахл “Түркия көп жағынан бізді осыған көндіруге тырысты, алайда дегендеріне әлі жете қоймады” деді.

BND басшысы бұдан бөлек Гүлен жамағатын Түркияның радикал исламшыл не террорлық ұйымға жатқызуымен келіспейтінін, қозғалысты «зайырлы білім беру үшін еңбек етіп жатқан азаматтық қоғам» ретінде сипаттаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар