Алматы полициясы Ерболат Құдайбергенге қатысты видеоға түсініктеме берді,деп хабарлайды Dalanews.kz Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде наркодиспансер маңында түсірілген видео тарады. Кадрдағы адам әнші Ерболат Құдайберген болуы мүмкін екені айтылған еді.
Алматы Полиция департаменті тәртіп сақшылары ер адамға баруына көршілердің шағымы себеп болғанын хабарлады.
"Полицияға көпқабатты үйлердің бірінің тұрғындарынан көршісі қоғамдық тәртіпті бұзып жатқаны туралы арыз түсті. Учаскелік инспектор дереу оқиға орнына барды. Ақпарат расталды: ер адам агрессия көрсетіп, айналасындағылардың тыныштығына қауіп төндірген", - делінген хабарламада.
Осыдан кейін ол медициналық куәландыруға жіберілген. Сараптама ер адам психоактив заттардың әсерінде болғанын көрсеткен.
"Медициналық көрсеткіштерді ескеріп, құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында ол 15 тәулікке мамандандырылған медициналық мекемеге орналастырылды", - деп мәлімдеді полиция.
Сондай-ақ, ұсталған адам Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапкершілікке тартылған:
-
азаматтардың тыныштығын бұзу;
-
психоактив заттар қолданып, қоғамдық орында жүру;
-
тіркеусіз тұру;
-
қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу.
Полиция дерегінше, ер адам бұған дейін де қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылған.
