Ұлттық ұланның әскери бөлімінде ауыр бас жарақатын алып, мүгедек болған Ербаян Мұхтардың қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сарбаздың туысының айтуынша, Ыстамбұлда жасалған операциядан кейін Ербаянның жағдайы едәуір жақсарған.
“Мұхтар Ербаянның Қазақстанға оралғанына бір ай өтті, және осы уақыт ішінде мен оның оңалуымен айналысып келемін. Біздің жетістіктеріміз айтарлықтай! Ыстамбұлда жасалған операциядан кейін оның жағдайы әлдеқайда жақсарды, қазір біз күн сайын қимыл-қозғалысын және сөйлеу қабілетін қалпына келтіру үшін тынбай жұмыс істеп жатырмыз.
Алғашқы күндері айтқанымдай, мен Ербаянның сауығып кететініне сенемін. Алланың қалауымен бәрі жақсы болады”, - деп жазды олар Ербаянның ресми парақшасында.
Туысының сөзінше, қазіргі уақытта сарбаздың еміне қажетті қаражат жинау жұмыстары жалғасып жатыр.
“Алда қасиетті Рамазан айы келе жатыр. Баршаңызды Ербаян үшін дұға етуге және оның сауығып кетуіне қолдау білдіруге шақырамын. Ата-анасы әлі де қаражат жинауды жалғастыруда, өйткені Ербаянға қосымша тексерулер мен үлкен реабилитациялық жұмыс қажет.
Оның көзіндегі от – өмірге деген құштарлығы, сауығып кетуге деген ұмтылысы. Ол берілмейді, біз де қолдау көрсетуімізді тоқтатпаймыз! Әр күн сайын талмай еңбектеніп, мақсатына жақындай түсуде”, — деді олар.
Айта кетейік, Ербаян Мұхтар 2024 жылдың желтоқсан айында ауруханаға түсті. Ұлттық ұланның әскери бөліміндегілер ата-анасына оның әжетханада құлап, басын плиткаға соққанын айтқан. Алайда, олар бұл нұсқаға сенбей, Ербаянның соққыға жығылғанын дәлелдеуге тырысты.
Қазақстандықтар жас сарбаздың еміне 230 миллион теңге көлемінде қаражат жинады. Қазіргі уақытта Мұхтар Астанада, ол Түркияда емнің алғашқы кезеңін аяқтады.