Ербаян Мұхтар ісіндегі қорғаушы Инга Иманбай мен ата-анасы істе күдікті жоқ дегенге пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Инга Иманбай прокурор айтқан мәлімдеменің барлығын олар бір ай бұрын жариялағанын айтты. Оның ішінде, әлі күнге дейін ешкім күдікті ретінде танылмағаны және процессуалдық шешімдер қабылданбағаны туралы ақпарат бар. Істе тексеруге алынған тұлғалар бар, оның ішінде қорғау құқығына ие куәгерлер – олар күдікті мәртебесіне бір қадам қалды деген сөз. Бірақ тергеу органдары ооарға қатысты шешім қабылдауға асығар емес.
"Бізде бұл істі тергеу ақиқатты анықтау үшін емес, қоғамның назарын ескере отырып қана жүргізіп жатқандай әсер қалыптасты. Істі жабуға бұған дейін де талпыныс болған – тек Ербаянның ата-анасы маған жүгінгеннен кейін ғана тергеу қайта жандандырылған. Сондықтан, тергеудің жалғасуы тек қоғамдық резонанс пен сіздердің қолдауларыңыздың арқасында мүмкін болды. Қазіргі таңда біздің ойымызша, тергеушілер Ербаянның есін жиып, өзі бірдеңе айтқанын күтіп отыр. Бірақ біз істің әділ қаралуы үшін күресеміз – ашық сот процесін өткізуге және барлық кінәлілерді, соның ішінде жауапты офицерлердің жазалануы үшін аянбаймыз, делінген мәлімдемеде.
Инга Иманбай неліктен қолдау маңызды екенін түсіндірді.
"Бұл істің жабылмауы және шындықтың ашылуы тек қоғамның назарында ұстау арқылы мүмкін болады. Сол себепті, бұл іске бей-жай қарамай, қолдау көрсеткен әрбір жанға алғысымызды білдіреміз. Сонымен қатар, біз Ербаянның тезірек сауығып кетуін тілейміз. Ол емдеудің бірінші кезеңінен өтті және жақын арада оңалту процесін бастайды. Осыған байланысты, оның еміне қаражат жинау әлі де жалғасуда", дейді Инга Иманбай.
Ербаян Мұхтар 2024 жылдың желтоқсан айында ауруханаға түсті. Ұлттық ұланның әскери бөліміндегілер ата-анасына оның әжетханада құлап, басын плиткаға соққанын айтқан. Алайда, олар бұл нұсқаға сенбей, Ербаянның соққыға жығылғанын дәлелдеуге тырысты.
Қазақстандықтар жас сарбаздың еміне 230 миллион теңге көлемінде қаражат жинады. Қазіргі уақытта Мұхтар Астанада, ол Түркияда емнің алғашқы кезеңін аяқтады.