Талғар аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері өміріне тікелей қауіп төнген 25 жастағы пациентке шұғыл операция жасап, оның өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жас әйел жедел жәрдем арқылы ауруханаға іштің жоғарғы бөлігіндегі қатты ауырсыну, жүрек айну, құсу және дене қызуының 38,7 градусқа дейін көтерілуіне байланысты жеткізілген.
Дәрігерлер жүргізген тексеру барысында пациенттен перитонит, панкреонекроз, панкреатогенді шок және көп ағзалық жеткіліксіздік анықталған. Яғни ұйқы безі ауыр зақымданып, науқастың өміріне тікелей қауіп төнген. Мұндай жағдайда уақыт жоғалту адам өміріне әсер етуі мүмкін болғандықтан, медицина мамандары шұғыл хирургиялық араласу туралы шешім қабылдаған.
Операция кезінде хирургтер ортаңғы лапаротомия, іш қуысын тексеру және ішперде артындағы аймақтарды дренаждау жұмыстарын жүргізген. Операциялық үстелде хирург-оператор Тастанқұлов Қуандық Ерболатұлы, ассистент Кокриков Р.С., анестезиолог Амрин С.Т. және операциялық мейірбике Отарбаева Г.Д. жұмыс істеген.

«Науқас бізге өте ауыр жағдайда түсті, сондықтан уақытты жоғалтпай, шұғыл операция жасау туралы шешім қабылдадық. Операция кезінде іш қуысында айқын қабыну процесі мен ұйқы безінің ауыр зақымданғанын анықтадық. Негізгі мақсатымыз – инфекцияның әрі қарай таралуына жол бермей, ағзаның қалыпты жұмысын қалпына келтіру болды. Операциядан кейін пациент бірнеше күн бойы дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қажетті ем қабылдады. Қазір оның жағдайы тұрақты, оң динамика байқалды. Мұндай жағдайларда іштің қатты және ұзаққа созылған ауырсынуын елемей, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну өте маңызды», – деді хирург Қуандық Ерболатұлы.
Алайда операция пациент үшін өмір үшін күрестің алғашқы кезеңі ғана болған. Одан кейін ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, қарқынды терапия, инфузиялық ем, парентералды тамақтану және бактерияға қарсы терапия алған.
Медицина қызметкерлері оның жағдайындағы ең кішкентай өзгерістердің өзін бақылап, ағзаның қалпына келуіне барынша жағдай жасаған. Емнің оныншы тәулігіне қарай пациенттің асқазан-ішек жолының жұмысы біртіндеп қалпына келе бастаған. Зертханалық көрсеткіштері жақсарып, ағзасы жүргізілген емге жауап берген. Ал 25 тәуліктен кейін әйел стационардан шығарылып, амбулаториялық бақылауға жіберілген.
Оқиғадағы тағы бір назар аударарлық жайт – пациенттің ауру тарихында ауыр панкреатиттің кең таралған қауіп факторлары анықталмаған. Дәрігерлердің мәліметінше, анамнездегі маңызды факторлардың бірі энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну болған.
Мамандар энергетикалық сусындардағы кофеин, таурин және басқа да стимуляторлардың жоғары мөлшері қан тамырларының түйілуіне, сусыздануға және зат алмасу бұзылыстарына ықпал етуі мүмкін екенін атап өткен. Мұндай өзгерістер ұйқы безіндегі қан айналымына әсер етуі ықтимал.
Сонымен бірге бұл жағдайды энергетикалық сусындардың панкреонекрозға тікелей себеп болғанының дәлелі ретінде қарастыруға болмайды. Дәрігерлердің жазбасында олардың пациенттің жағдайындағы ықтимал маңызды фактор болғаны ғана көрсетілген.
Талғар дәрігерлерінің айтуынша, бұл жағдай күрделі диагноздың өзінде уақытылы шешім қабылдау, хирургиялық шеберлік және медициналық команданың үйлесімді жұмысы қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Айта кетейік, 25 жастағы науқас ауруханадан шықты. Ал оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлерге тәулік бойы бірнеше апта бойы күресуге тура келген.