Енді тойға бармаспын!

Dalanews 12 қаз. 2017 11:16 1363

Қазір тойға барып, билеу қауіпті болып барады. Көңіл көтеріп, би билесең, заматта масқараң шығады. Сондықтан енді тойға бармауға бекініп отырмын. Барсам да, билемеуге тырысамын. Бірақ  ол үшін ащы судан татып алмауым керек.  

Жақында көршімнің баласы үйленіп, тойында болдық. Екі жастың қуанышы үшін ішпесіме қоярда қоймай бір-екі рет жүз грамм тартқызып жіберді. Ішке ащы судың бір-екеуі кеткеннен кейін қалғаны өзінен-өзі тарата бастайтыны белгілі ғой.
Бұдан кейін айналамдағы жұрттан қалмай, танысымның қуанышына "от души" ортақтасып, ақтан алып отырдым. Қасымда отырған келіншегім саннан шымшып, бүйірден түрткенін де елең қылғаным жоқ. Өзім секілді ер азаматтар да қамшы салдырмай алып отырғанда мен қалай тізгін тартайын? Сондықтан келіншегімінің ескертуіне қаперге алмадым. Барлықтарыңыздың бастарыңыздан өткен жайт шығар?



Оның үстіне ішіп масайғанда ешкіммен байланысып, дау шығарып, төбелеспейтінім өзіме мәлім. Кейбіреулер ішіне от барғаннан кейін әр сөзіңнен ілік іздеп, ұрынарға қара таппай отырады емес пе? Мен ондай жандардың қатарынан емеспін. Қайта керісінше  ішсем бейбітсүйгіш жанға айналып шыға келемін.

Әркімге елжіреп, бетіме күлімдей қараған адаммен қолымдағы барымды бөлісуге даяр тұрамын. Егер АҚШ президенті Дональд Трамп, Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын үшеуміз ғайыптан тайып іше қалсақ, екеуіне арағайын болып, ит пен мысықтай болған екі мықтыны таутуластырып жіберер едім. Бірақ маған ондай мүмкіндікті кім берсін?

Иә, мен ішіп алсам, көңілденіп, адам баласына елжіреп, жұрттан артық қуанып, "қуып кететін" (келіншегім менің бұл қасиетімді осылай бағалайды) әдетім бар.
Көршімнің тойы жақсы өтіп жатты. Таудай ет, көлдей сорпа дегендей. Столдың белі қайысып тұр. Салаттың неше түрі. Сусын, шарап, тәтті... Дөңгелек үстелді жағалай отырған ауылдастарымен ыржиып, топтасып, суретке де түсіп алдым. Әр суретін базардың бағасынан он есе артық сататын бала да мені айналсоқтап, қасымнан шығар емес. Амал не қалтама салып шыққан бес мың теңгенің бәрі суретке кетті.

Суретті екі-үшеуден түсіп, қасымдағы қасымдағыларға да үлестіріп, мырзалық таныттым. Келіншегім бір қарағанымда ақшаны оңды-солды шашқаным ұнатпай, кейістік танытып отырғанын байқап, дереу жүзімді тайдырып әкеттім.

Міне, жұрт дүркіреп биге шықты. Төрештің әлгі бір қанды қыздыратын әні орындалғанда қалай шыдайсың, қасымда отырған топты бастап би алаңына алып шықтым. Бұл кезде өзім отырған 12 үстелді толықтай билеп, төстеп алған едім. Құды бір дөңгелек үстелді жағалай отырған біздің көшенің тұрғындарын соғысқа бастасам да "қайда барамыз" деместен соңымнан еріп жүре беретін жағдайда еді.

Жалпы адам ішкен кезде биші болып кетеді ғой. Басқаны қайдан өзім солай сезінемін. Ойнақы әуеннің ырғағында кермет би қимылдарын... салып жұрттың ықыласына бөленіп жатқанымды сезіп... (бұған иманым кәміл еді) тұрамын.
Біздің тойдың диджейлері де мықты ғой. Бір рет биге шыққан адамды үстел басына қайтармай, біразға дейін билететін құдіреті бар. Төрештен кейін Қайроштың (біздің ауылды Қайрат Нұртасты солай атайды) әнін жіберді. Біздің ауылдың тұрғындары "Төрештің әніне биледік, Қайроштың әніне билмесек ұят болар" деп қалыптасқан дағдыны бұзбай жер тарпып әдемі... биін үдете түсті.

Телеарнадан көрген бишілердің дене қимылын барынша салып жатқанымды білемін. Көзімді жұмғанда би алаңында "Қара жорға" мен "Ламбаданың" кулминациялық иірім, қайырымдарын ұштастырып, бидің жаңа сұрапыл бағытын қалыптастырып жатқандай сезіндім.
Ал әлгі Ерке қыздың "Астанада жоқ, жоқ" деген (бұл ән солай аталушы ма еді?) әні қойылғанда салтанат сарайы жарылардай болды. Бұл кезде той иесінің Астанадан келген құдашаларын биге шақырып, ғажайып би кешінің жаңа бір кезеңіне аяқ басқан едік. Астанадан келген құдаша да мықты екен бұраңдап билегенде адамның шабытын оята ма, қалай?.. Біздің ауылдың келіншектері кең етек көйлектерін желпілдетіп билегеніне мәз болушы едім. Ал мына құдашаның (танысқан едік, аты есімде жоқ) биі заман ағымына сай, әуен ырғағына үйлесімді, адамның жан-жүрегін елжірететін бір сиықыры бар секілді...



Тойдың қайталанбас сәттерін таспалап жүрген оператор да біздің биімізді әр түрлі ракуста түсіріп,  жан таппай жүр. Бұдан басқа қолында смартфоны барларда біздің биімізді... жан-жақтан жапатармағай түсіріп, мәре-сәре болғанын білемін. Тек келіншегім ғана ренішпен қарап тұрғанын байқап қалдым.

Сол кезде құдашамен қатты билеп, сүйіп қосылған жарымның көңіліне қаяу түсіріп алдым ба деген ой санамның бір түкпірінде жарқ етті де, соңын ала жоқ болғаны есімде. Осылайша той біткенше талай қыз-келіншекпен биледім.

Той да өтті. Менің биім де ұмыт болған-ды. Өйткені, біздің ауылдан мен сияқты бишілер көп-тұғын. Менің биімді әңгіме қылып қайтсін. Арада біршама уақыт өткеннен кейін мектепте оқитын қызым үйге жылап келмесі бар ма? «Кім тиді, саған» деп шешесі екеуміз жан-жақтан бәйек болып жатырмыз. Ол:

– Ешкім тиген жоқ. Бүгін мектепте Фейсбукта әкемнің тойдағы қисалаңдап билеген биін бүткіл оқушы көріп, қатты намыстандым. Балалар «әкең керемет биші» екен деп әбен мазақтады, – дегенде ұяттан жерге кірердей болдым. Әлеуметтік желіге салушы «Араққа тойып алған отағасы тойға жиналған қыз-келіншектердің бәрімен билеп шықты» деп жазып қойыпты.
Иә, сол тойда екі жастың қуанышына ортақтасып, шын жүректен қуанып, алқын-жұлқын билегенім рас. Әлеуметтік желіге жүктелген видеоны қарағанымда мұны соткаға түсіріп алған біреу салып жібергенін байқадым. Керемет биледім дегенім де бекер екен. Ет пен терінің арасындағы желік  екен. Бәріне қу арақ кінәлі.

Бірақ алқын-жұлқын билегенде тұрған не бар. Қазір тойға барғанда қуанып билеудің өзі де қауіпті болып барады. Той иесі тойға келген адамдардың телефондарын есіктің көзінде тұрып жинап алуы ғана қалды. Әйтпесе көңілденіп билегендерді видоеға түсіріп, желіге салып, масқарасын шығара берсе,  мұның соңы не болады?  Мұны ойлаған жан бар ма? Әлгі әлеуметтік желіде жарияланған видеоның астындағы жазбаларға жұрт не жазбаған дейсіздер?!  Коменттерді оқып отырып, өзімді дүниедегі ең соңғы оңбаған адаммын ба деп қалдым. Мұны оқыған қызымның намыстан жарылардай болып жылағанын түсіндім.

Желідегі видеоны көріп,  ауылдастарым «интернетке шыққаныңды жусаңшы»  деп біразға дейін қылжақтап,  сыртымнан биші деп мазақтап жүрді.

Міне осыдан кейін тойға қайтып барғың келеді. Енді тойға бармауға бекініп отырмын.

Нұрлан ЖҰМАХАН

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар