Қорғаныс министрлігі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру тәртібіне өзгерістер енгізуді көздейтін жаңа жобаны жария талқылауға шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Құжат "Ашық НҚА" порталында жарияланған.
Жобаның түсіндірме жазбасында көрсетілгендей, өзгерістер әскерге шақыруды ұйымдастыру және өткізу тәртібін нақтылауға, сондай-ақ бірыңғай тәсілдерді енгізуге бағытталған. Сонымен қатар әскерге шақырудан кейінге қалдыру рәсімін мемлекеттік қызмет арқылы ресімдеу мүмкіндігі қарастырылуда.
"Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтың ұялы телефонына жіберілген SMS-хабарлама тиісті (ресми) ескерту құралы ретінде танылады", – делінген жоба мәтінінде.
Құжат 2025 жылғы 9 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда психоэмоционалды ауытқуы бар азаматтар әскери қызметке жіберілмейтіні хабарланған еді. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
“Психоэмоционалды тұрақсыздығы бар шақырылушылар әскер қатарына алынбайды. (…) Елімізде суицидке бейімділікті ерте анықтауға бағытталған жаңа PSY-РИСК әдістемесі енгізіле бастады. Бұл бастама әскери қызметшілердің психологиялық тұрақтылығын арттырып, әскердегі қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған”, – делінген сәрсенбіде таратылған ресми ақпаратта.
Аталған әдістеме Қорғаныс министрлігінің әскери психологтары тарапынан әзірленіп, 2025 жылы көктемгі шақырылымда сынақтан сәтті өткізілген.
“Нәтижесінде 470-тен астам жас жігіттен суицидке бейім мінез-құлықтың белгілері ерте анықталып, олар әскер қатарынан босатылды немесе қосымша медициналық тексеруге жіберілді. Жаңа жүйе – көпсатылы психодиагностика тетігі. Ол бастапқы скринингтен, тереңдетілген психологиялық зерттеуден және қажет болған жағдайда психиатриялық сараптамадан тұрады. Негізгі мақсат: психоэмоционалдық тұрғыда әскери қызметке дайын емес азаматтарды шақырылымнан шығару”, – деп нақтылады министрлік.
PSY-РИСК әдістемесін енгізу мәселесі Қазақстан Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында өткен ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында негізгі тақырыпқа айналды. Топ құрамына Қорғаныс, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің өкілдерімен қатар, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі және өзге де мемлекеттік құрылымдардың мамандары кірді.
Қорғаныс министрлігінің Психологиялық және әскери-әлеуметтік жұмыс басқармасының бастығы Арман Қалышевтің айтуынша, бұл бастама Үкімет тапсырмасымен жүзеге асып отыр және болашақта шақырылым науқаны аясындағы жүйелі профилактиканың бір бөлігіне айналмақ.
“Біздің мақсатымыз – тек психологиялық тұрғыдан әлсіздерді іріктеп алып тастау емес, сонымен қатар болашақ әскери бөлімдердегі ұжымдарды қауіп-қатер тудыруы мүмкін жағдайлардан қорғау. Мұнда жеке адамның денсаулығы, өмірі және бөлім ішіндегі моральдық ахуал туралы сөз болып отыр”, – деді Қалышев.
PSY-РИСК әдістемесі еліміздің барлық өңірлерінде кезең-кезеңімен енгізілетін болады.
Министрлік өкілдерінің айтуынша, бұл жаңашылдық іріктеу сапасын арттырып, әскердегі штаттан тыс жағдайларды азайтуға және жас сарбаздардың психикалық саулығын нығайтуға айтарлықтай үлес қоспақ.