Енді кәсіпкерлер салық есебін Kaspi Pay қосымшасымен тапсыра алады

Dalanews 03 ақп. 2023 06:56 312

Kaspi.kz Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп кәсіпкерлер үшін тағы бір онлайн сервисті іске қосты. Енді жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер Kaspi Pay қосымшасындағы «Салық» бөлімінде 910-нысан бойынша салық есебін тапсыра алады, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

– Kaspi Pay – қазақстандық кәсіпкерлер үшін Kaspi.kz-тің ең танымал қосымшасы. Басты мақсатымыз – кәсіпкерлердің өмірін жеңілдету әрі жақсарту. Біздің жаңа «Салық есебі» сервисінің көмегімен жеке кәсіпкерлер енді салық есебін онлайн, жылдам әрі оңай тапсыра алады. Командаларымыз бірлесіп әзірлеген тағы бір табысты сервис үшін Мемлекеттік кірістер комитетіне, сондай-ақ ҰАТ АҚ пен Цифрландыру министрлігіне рақмет айтамыз! – деді Kaspi.kz-тің басшысы әрі негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе.

Қз кезегінде ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Азамат Панбаев та Kaspi.kz қосымшасы кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдетіп, уақытын үнемдейтінін алға тартты.

– Мемлекеттік кірістер комитеті екінші деңгейдегі банктермен ынтымақтастық аясында Kaspi Pay платформасында шағын бизнес субъектілері үшін 910-нысанды салық есептілігін қабылдау сервисін тегін іске қосты. Бұл сервис салықты есептеуге, есептілікті жасауға және ұсынуға жұмсалатын уақытты үнемдей отырып, салық міндеттемелерін жылдам, қолжетімді, уақтылы орындауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта ынтымақтастық қолайлы жағдай жасап, салық төлеушілер мен мемлекеттің арасындағы өзара іс-қимылды жақсарта отырып, жалғасын табады, – деп Азамат Панбаев ойын ортаға салды.

Жаңа сервистің көмегімен бухгалтер немесе кәсіпкердің өзі есепті  қосымшаның өзінде жасақтай алады және растаған соң есеп МКК-ге автоматты түрде жіберіледі.

Жақын арадағы есепті – а15 ақпанға дейін 2022 жылдың екінші жартыжылдығы үшін тапсыру керек.

Келесі есепті – 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы үшін – 15 тамызға дейін тапсыру керек.

Сервис туралы толығырақ Kaspi Гид-тен біліңіз.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар