Еңбек министрлігі зейнетақы аударымы мен жалақы арасындағы үлкен айырмаға алаңдаулы

Кәмшат Тілеухан 14 қаз. 2024 13:00 2068

Қазақстанда ай сайынғы зейнетақы аударымы мен онымен байланысты жалақы мөлшерінде үлкен айырма бары анықталып отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова 2024 жылы 14 қазанда ҚР Парламентінің Мәжілісінде Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде елімізде формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі тіркеліп отырғанын баса атап өтті.

"2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауы бойынша еңбекақы төлеу қоры бұдан екі есеге жуық, яғни 38 трлн теңгеден асады. Еңбекақы қоры бойынша деректердің ең үлкен алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады", - дейді министр.

Дегенмен ведомство мәліметінше, платформалық жұмыспен қамтудың жаңа мүмкіндіктері бар.

"Барлық еңбек қатынастарын декларациялау бойынша жұмыс шеңберінде оңайлатылған тіркеу рәсімін енгізе отырып, платформалық жұмыспен қамтуды реттеу заңнамалық түрде енгізілді. Пилоттық жоба аясында оған 19 мыңнан астам такси жүргізушісі қосылып, 20 млн-нан астам фискалдық чек жазылды. Бұл платформалық жұмыскерлерді әлеуметтік және зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне интеграциялау мен заңдастырудағы маңызды қадам", - дейді Светлана Жақыпова.

Сондай-ақ, кәсіподақтардың автоматтандырылған жұмыс орнын енгізе отырып, еңбек және ұжымдық шарттар жасасудың цифрлық форматына көшу жоспарлануда. Пилоттық режимде электронды форматта 8,7 мыңнан астам еңбек шарттары жасалды.

ЕХӘҚМ басшысы ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтуды заңдық тұрғыдан ресімдеу ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз етудің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті.

"Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша еліміздің ауыл шаруашылығындағы 2023 жылы жұмыспен қамтылған 1,1 млн жұмыскердің жартысынан көбі өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар. Олардың жалақысы республикалық деңгейдегі орташа еңбекақыдан екі есе дерлік төмен. Бұл формалды емес жұмыспен қамтудың жоғары деңгейін және ауыл жұмыскерлерінің әлеуметтік қорғалуының төмен деңгейін көрсетеді", - дейді министр.

Қалай дегенмен де Еңбек министрлігі 2030 жылға қарай әбден теңдестірілген еңбек нарығын құруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда: экономикамызда 3,8 млн сапалы жұмыс орындарының болуы; 1,7 миллион адамның табысы медианды жалақыдан жоғары болуы; формалды емес жұмыспен қамтудың 15%-ға дейін төмендеуі; әлеуметтік онлайн-қызметтер көрсету индексі бойынша біздің еліміз әлемдегі үздік ондыққа енуін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар