Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Өскемендегі «Қазцинк» зауытында болған жарылыстың нақты себебін анықтап жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы Сенат кулуарында ведомствоның бірінші вице министрі Ербол Туяқбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта арнайы комиссия бірнеше нұсқаны тексеріп жатыр.
«Қазір нақты себебін анықтап жатырмыз. Бұл қауіпсіздік техникасының сақталмауынан болды ма, әлде қызметкерге қауіпсіздік талаптары дұрыс түсіндірілмеді ме, немесе кәсіпорындағы технологиялық ақау ма, не ескірген жабдық уақытында ауыстырылмаған ба — соның бәрін анықтаймыз. Себебі белгілі болғаннан кейін міндетті түрде жауапкершілік болады», - деді Туяқбаев.
Вице министрдің сөзінше, бұған дейін «Қазцинк» пен басқа да ірі өндіріс орындары профилактикалық тексеруден өткен.
«Өткен және оның алдындағы жылдары “Қазцинк” пен басқа да ірі кәсіпорындарға тексеру жүргізілген. Белгілі бір нұсқамалар берілді. Бірақ олар уақытында орындалғандықтан, айыппұл салынбаған еді», - деді ол.
Сонымен қатар қазіргі жағдайға байланысты арнайы тергеу жедел тобы құрылған.
Оның құрамына мемлекеттік еңбек инспекциясы мен Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері кірген.
Еске салайық, бұған дейін Өскемендегі «Қазцинк» кәсіпорнында жарылыс болып, адам шығыны тіркелгені хабарланған еді. Оқиғадан кейін өндірістегі қауіпсіздік мәселесі қоғамда қайтадан қызу талқылана бастады.