Бүгін Ақордада кезекті кадрлық ауыс-түйіс болды. Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрі қызметінен кетіп, орнына Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова тағайындалды. Осы өзгеріске байланысты Қазақстанның құрметті ұстазы, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы мен белгілі педагог Аятжан Ахметжанұлы Dalanews.kz агенттігіне пікір білдіріп, бұрынғы министрдің жұмысына баға берді.
Бейсембаев - ең сәтсіз министр
Шыныбекұлының сөзінше, Бейсембаев тұсында мұғалімдерге қарсы түрлі арыз-шағым көбейген.
“Ғани Бейсембаевты кейінгі онжылдықтағы ең сәтсіз министрлердің бірі деп есептеймін. Оның тұсында арзан пиарға көп жол берілді, ал белсенді педагогтарға қысым күшейді. Мәселен, 2023 жылы маған қатысты Бас прокуратураға және Ішкі істер министрлігіне әртүрлі арыз түсті. Тіпті, Алматыдан мүлде танымайтын мектеп директоры Шымкент қаласының полициясына арызданған. Сол жылы Түркістан облысы Жетісай ауданындағы мектеп директоры мен шаруашылық жөніндегі орынбасары да сотқа берді. Осындай жайттардан кейін 2023 жыл мен үшін ең ауыр, “сандалған” жыл болды деуге болады”, — дейді ол.
Сондай-ақ ол экс-министрдің "Нысаналы мектеп” жобасын да сынға алды.
“Бұл жоба алғаш қабылданған кезде шикілігі көп болды. Мәселен, былтыр мұғалімдерді сабақ үстінде онлайн курстар өтуге мәжбүрледі. Осындай мысалдар жеткілікті. Сондықтан мен Бейсембаевты ең сәтсіз министрлердің бірі деп есептеймін”, – деді ол.
Шыныбекұлының айтуынша, білім жүйесіне түбегейлі реформа қажет.
“Бізде реформа деп айтылғанмен, пәлен жылдан бері ешқандай түбегейлі өзгеріс жасалған жоқ. Тек Аймағамбетов тұсында бірқатар игі бастамалар көтерілді, кейін өкінішке қарай тоқтап қалды. Білім саласына нағыз реформа қажет. Ол ең алдымен маман даярлау жүйесінен басталуы тиіс. Өйткені мұғалімді дұрыс дайындамай, сапалы білім беру туралы айту мүмкін емес. Сондықтан бұл салада атқарылатын жұмыс әлі де көп”, – деді Өмір Шыныбекұлы.
2 жыл 9 айдың ішінде оқу-ағарту министрлігі шашылып қалды — Аятжан Ахметжанұлы
Оқу-ағарту министрлігін 2 жыл 9 ай басқарған Ғани Бейсембаевтың жұмысына қатысты педагог, білім саласының сарапшысы Аятжан Ахметжанұлы да сын айтты. Оның айтуынша, министр өзіне артылған сенімді ақтай алмады.
"Тамада министр сөйлеп келді, сөйлеп қоштасты. Сөзімен келіп, сөзімен кетті. Алдыңғы министрдің тұсында қабылданған біраз оң шешімдердің күшін жойды. Мысалы, “Алтын белгілерге” қатысты шешім, 1-сыныпқа қабылдау уақытын өзгерту, ақылы олимпиадаларды тоқтату сияқты маңызды қадамдардың бәрі қайтадан әлсіретілді", – дейді ол.
Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, Бейсембаевтың негізгі уәделері орындалмай қалды. Ол бірнеше мысалды тізіп берді:
• Сынып жетекшілігі үшін қосымша ақы үш есе өседі деген уәде берілді, алайда "үш есе түгілі, 3 пайыз да қосылмады".
• Оқу бағдарламаларын жаңарту мәселесінде керісінше бейкәсібилік байқалды.
"Химия, физика, биологияны қосып жаратылыстану қылу, алгебра мен геометрияны біріктіру – отпен суды қосқанмен тең", – дейді сарапшы.
• Қағазбастылықты азайту орнына, мұғалімдердің құжаттары мен есептері бес есеге артқан.
• Министрдің сүйікті ісіне айналған форумдар мен жиналыстар, "тәрбиелік шараларды әлеуметтік желіде рилс түрінде түсіру" – білім сапасын арттырмай, керісінше, жағдайды ушықтырған.
• Мұғалімдерге қысым жасау, сотқа беру фактілері де оның тұсында орын алған.
Сондай-ақ Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, президент бастамасымен қолға алынған “Жайлы мектеп” жобасы шатқаяқтап, 367 мектептің орнына тек 217-і ғана жоспарға енген.
“Жобаға автор болғысы келіп, оны “Келешек мектептері” деп қайта атағанымен, нәтиже болмады”, – дейді ол.
Сарапшының сөзінше, ең үлкен даулардың бірі – нысаналы мектептер жобасы.
“Қаржы шашылды, есеп-қисап көбейді, бірақ нәтиже жоқ. Ал педагогтердің аттестациясы керісінше, бұрынғыдан да күрделене түсті.
Жекеменшік мектептер де тентіреп қалды. Астанада біраз мектеп өз қаржысын ала алмай жүр. Білімге қаржы құйған қаншама жанашыр жандардың еңбегі күйді. Өкінішке қарай, оқу-ағарту министрлігі шын мәнінде шашылып қалды. Енді жаңа министрге осы шашылған саланы жинап алу деген ауыр жүк қалды. Бюджет тапшылығы мен орынсыз жоспарлаудың зардабын әлі де тарта береміз деп қорқамын”, – деп түйіндеді ол.
Сонымен қатар Ахметжанұлы жаңа министр Жұлдыз Сүлейменова жайлы ойын да ортаға салды.
"Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова – білім саласына бүгін келген есім емес. 2007 жылы еңбек жолын қарапайым мектеп мұғалімі ретінде бастаған. Содан бері 18 жыл бойы осы саланың айналасында жүр. Депутат болғанда да әлеуметтік сала комитетінің құрамында болды. Назарбаев зияткерлік мектептер департаменті төраға орынбасары, Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры қызметін атқарды", – дейді ол.
Аятжан Ахметжанұлының сөзінше, жаңа министрдің бірқатар артықшылығы бар:
- Талапшыл, мінезді, айтқанын жасата алады.
- Сауатты, саланы ішінен де, сыртынан да жақсы біледі.
- Қай тілге де жетік, болмысы қазақы.
- Сала маманы ретінде нақты жоспарлары бар, бұрыннан айтып келе жатқан ойларын іске асырады деп сенім білдіремін.
"Өзім үлкен үміт күтемін һәм қатты қуандым. Қиыны – министрлік шашыраған тұста келді. Шаруа шаш етектен. Ең басты дүние – білім беру бағдарламасы мен оқулықтарды жаңарту. Нақты айтқанда, білім мазмұнын реттеу. Бұл кезек күттірмейтін шаруа. Себебі, 2016 жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе. Жұлдыз ханым мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын", – деді сарапшы.
Айта кетейік, бүгін, 29 қыркүйекте Мемлекет басшысының жарлығымен Ғани Бектайұлы Бейсембаев Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі лауазымынан босатылды.
Ол 2023 жылғы қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі қызметін атқарған еді.
Оның орнына Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Жұлдыз Сүлейменова кім?
Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова 1983 жылы 25 тамызда Ақтөбе облысында дүниеге келген. Білімі жоғары, ғылым кандидаты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тарих мамандығы бойынша білім алған. Кейін философия және саясаттану бағыты бойынша магистратура мен докторантураны тәмамдап, 2012 жылы «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD дәрежесін қорғаған.
Еңбек жолы
Сүлейменова еңбек жолын жастар саясаты мен білім саласынан бастады.
• 2000–2004 жылдары ҚазҰУ студенттік өзін-өзі басқару ұйымын басқарды.
• 2004–2006 жылдары Ақтөбеде әлеуметтік-гуманитарлық пәндер оқытушысы әрі жастар комитетінің төрағасы болды.
• 2006–2007 жылдары «Отан» партиясының Ақтөбедегі филиалында жастар ісі жөніндегі кеңесші, «Жас Отан» жастар қанатының төраға орынбасары қызметін атқарды.
• 2007–2008 жылдары Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияда тарих және құқық пәнінің мұғалімі болды.
• 2010 жылдан бастап бірқатар жоғары оқу орындарында жетекшілік қызмет атқарып, студенттік істермен айналысты.
• 2012 жылдан 2019 жылға дейін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» жүйесінде түрлі басқарушы лауазымдарда болды.
• 2019–2021 жылдары Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы НЗМ директоры қызметін атқарды.
Саясаттағы жолы
2021 жылы «AMANAT» партиясы атынан Мәжіліс депутаты болып сайланды. Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі ретінде жұмыс істеді.
2023 жылы қайта сайланып, VIII шақырылымда депутаттық мандатын жалғастырды.
29 қыркүйек күні Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды.
Руслан Желдібай Ақордадағы ауыс-түйіске қатысты қандай пікір білдірді?
Президентінің көмекшісі – президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың сөзінше, кейінгі кадрлық өзгерістерге байланысты БАҚ өкілдерінен көптеген сауал түсе бастаған.
"Ең алдымен, мына мәселені баса айту керек, бұл – әдеттегі кадрлық ротация. Негізгі мақсат – мемлекеттік жүйедегі ең маңызды бағыттардың тиімділігін күшейту. Мемлекет басшысы жуырдағы Жолдауында ұлттық экономикаға түсетін инвестиция көлемін арттыруды басым міндеттің бірі ретінде белгіледі", - дейді Руслан Желдібай.
Бұл маңызды сала тәжірибелі дипломат Мұрат Нұртілеуге жүктелді.
"Президенттің көмекшісі ретінде ол халықаралық инвестициялық және сауда ынтымақтастығын ілгерілету мақсатында шет мемлекеттердің жоғары деңгейдегі өкілдерімен, сондай-ақ әлемдік ірі компаниялардың жетекшілерімен байланысты дамытады", - дейді президенттің көмекшісі.