Аталған газ құбырларының құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Газ құбырының құрылысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда.
Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы газдандыру процесін бақылауға алуды тапсырған-ды. Қала әкімі А.Көлгінов техникалық және авторлық қадағалау қызметтеріне дәнекерлеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аудару керектігін атап өтті.
Мердігерлердің айтуынша дәнекерленгеннен кейін ол жерлерге рентгенография жасалады, бұл құбырдың тұтастығын және жарылуының алдын-алуды қамтамасыз етеді. Осылайша, елорданы газдандыру 3 кезең бойынша жұмыстар сәтті жүзеге асуда.
Келесі жылыту маусымында ЖЭО-1,2,3, Көктал-1,2, Агргородок, Промышленный, Железнодорожный, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарын газбен жылыту жоспарлануда.
Екінші кезеңде газ Мичурино, Интернациональный, Күйгенжар (1,2-ІҚК), Тельман (3-ІҚК), Пригородный, Garden Village және Family Village (4-ІҚК) тұрғын алаптарына жеткізіледі.
Ал үшінші кезең Үркер (1-2-ІҚК), Шұбар (3-ІҚК), Өндіріс (4-ІҚК) тұрғын алаптары газдандырылады. Іске асыру мерзімі – 2020-2023 жылдарды қамтиды. Жобалаушылардың айтуынша, газ тарату желілері көшелер арқылы үй қоршауларына дейін тартылады, қоршаудан үйге дейін газға жеке тұрғындардың өздері қосылатын болады.
Әкімдік тұрғындарға есептегіш құралдарды тегін береді. Қаланы газдандыру қатты заттар 40 мың тоннаға, зиянды шығарындыларды 6 есеге азайтады.