Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытындағы түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Жылыту маусымында елордалық құтқарушылар қала тұрғындарына үйлерге көміртегі тотығы мен табиғи газ датчиктерін, сондай-ақ түтін хабарлағыштарын орнатудың маңызын еске салды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мамандардың айтуынша, бұл құрылғылар газдың таралуын, көміртегі тотығының қауіпті деңгейге жетуін және өрт кезінде түтіннің пайда болуын дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, тұрғындар қауіп туралы ертерек біліп, қажетті шараларды қабылдай алады.
Құтқарушылар құрылғылардың жұмысын жүйелі түрде тексеріп, батареяларының жарамдылығын бақылауды және қажет болған жағдайда уақытылы ауыстыруды ұсынады. Сонымен қатар желдету жүйесі мен газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, өрт және газ қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет.
Газ датчигі іске қосылған жағдайда, тұрғындар дереу үй-жайдан шығуы тиіс. Мұндай кезде электр құрылғыларын қосуға немесе ажыратуға, сондай-ақ ашық отты пайдалануға болмайды. Қауіпсіз жерге шыққаннан кейін 104 немесе 112 нөміріне хабарлау қажет.
Ал өрт шыққан жағдайда ғимараттан тез арада эвакуацияланып, 101 немесе 112 нөміріне қоңырау шалу керек.
Құтқарушылардың айтуынша, жарамды газ датчиктері мен түтін хабарлағыштарын орнату – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың, сондай-ақ тұрмыстық төтенше жағдайлардың алдын алудың маңызды шараларының бірі. Қауіпсіздік талаптарын сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі.