“Қызылорда-Астана” бағытындағы ұшақта Астана Медицина университетінің студенті бір жолаушыны өлімнен арашалап қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әлеуметтік желіде оқиғаның бейнежазбасы тарады.
“Ұшақта бір ер адамның жүрегі қысылып, жағдайы нашарлады. Сол мезетте медициналық білімі бар жас жігіт батылдық танытып, дереу көмекке ұмтылды. Жастардың білімді әрі батыл болуы қуантады. Ол науқастың жүрегін қайта соқтырып, өмірін сақтап қалды”, – деп жазды Динара Қарлыхан есімді қолданушы.
Жолаушыға көмектескен азаматтың медицина университетінің 7-курс студенті Дінмұхамед екені белгілі болды. Ол Азаттық рухы порталына оқиғаның қалай өрбігенін егжей-тегжейлі баяндап берді.
“Ұшақта біреудің өмірін құтқарамын деп ешқашан ойламаппын. Бортсерік “дәрігер бар ма?” деп сұрағанда, ешкім шықпаған соң, көмек көрсетуге бел будым. Науқасқа жақындағанда оның шамамен 50 жаста екенін байқадым. Ол кеуде тұсының ауырғанын, жүрегінің қысылып тұрғанын айтты.
Мен бортсеріктерден қан қысымын өлшейтін құрал сұрадым. Алайда сол сәтте ол есінен танып қалды. Тынысы тарылып, көз қарашығы үлкейе бастады. Мен оны жерге жатқызып, жүрекке тікелей массаж жасап, реанимация шараларын бастадым. Бір циклден кейін науқас есін жиды. Оған аспирин таблеткасын беріп, оттегі маскасын тақтым. Ұшақ жерге қонған соң, жедел жәрдем науқасты ауруханаға алып кетті”, – дейді болашақ дәрігер.
Жастардың жедел әрекеті жолаушының өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.