Елордадағы Есіл ауданында екі жаңа полиция пункті ашылды. Бұл жұмыс «Заң және тәртіп» нарративасы аясында жүзеге асырылуда,- деп хабарлайды Dalanews.kz
Жаңа пунктердің ашылу рәсіміне Астана қалалық Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев, Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы және қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Полиция пунктерінің бірі «Triumph City» тұрғын үй кешенінде (Бұқар жырау көшесі, 32 үй) орналасса, екіншісі «Жетісу» саябағы аумағында орналасқан.
«Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан – Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында біз аудандағы 80 мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсететін жаңа учаскелік полиция пунктерін аштық. Біз полицияның қолайлы әрі жайлы жағдайда жұмыс істеуі және халыққа барынша жақын болуы үшін барлық жағдайды жасап жатырмыз», – деді Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы.