Сондықтан алдағы жылы жастарға арналған пәтер көбірек салынуы қажет деген шешім қабылданды. Соңғы жылдары пайдалануға берілген тұрғын үйлердің - құлаған плиткалары, су басқан тұрақтары, өрт қауіпсіздігі мәселелері мен лифтілердің болмауы тәрізді сын көтермейтін сапасы да назардан тыс қалған жоқ. Кемшіліктерді жою үшін құрылыс салушылар мен пәтер иелері кооперативтеріне тапсырма берілді.
Шахардағы тұрмысы төмен отбасыларға әкімшілік тарапынан 2019 оқу жылына өте қажетті әрі күтпеген тосын сый жасалды. Қала әкімшілігі оқу жылы басталар алдында тұрмысы төмен отбасылардың мектеп жасындағы балаларының санын нақтылады. Содан кейін ол балалар үшін мектеп формасы мен басқа да керек-жарақтарды сатып алуға қала бюджетінен 200 миллион теңге бөлініп, олар сертификат түрінде ата-аналарға табысталды. «Атамекен» палатасымен бірлесіп, отандық киім-кешек өндіруші бірнеше фабрика да белгіленді. Сертификат иелері киім-кешекті тек сол дүкендерден ғана алуы керек. Ал аталған фабрикалар киім сапасына жауап береді. Осылайша тұрмысы төмен отбасылардың балалары арзан әрі сапалы мектеп формасымен және басқа да білім алуға керек заттармен қамтамасыз етілді. Отандық өнім өндірушіге де тапсырыс беріліп, қолдау көрсетілді.
2019 жылы қалада алты мектеп салынып, бес мың бала орынмен қамтылып, үш мектепте үш ауысыммен оқыту мәселесі шешілді. Дегенменде әкімшілікке қарайтын сексен сегіз мектептің сегізінде орын жетпегендіктен үш ауысыммен оқу үрдісі сақталды. Оған басты себеп, қала халқының ішкі миграция есебінен шамадан тыс өсуі еді. Оны шешу үшін алдағы бес жыл ішінде бюджеттің есебінен қырық мектеп салынуы керек деген кешенді жоспар бекітілді. Қала халқының шамадан тыс өсуінен мектеп жасындағы астаналықтар санының көбеюі мектеппен қатар, мұғалімге деген сұранысты арттырды. Ал ұстаздың жағдайы жасалмаса білім сапасы жайлы айтудың өзі артық. Бұл ретте өскелең ұрпаққа сапалы білім беру үшін мұғалімдерді ынталандыру мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Оқытушы құрамын баспанамен қамтамасыз ету мақсатында екі жүз жетпіс бес мұғалімге тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне алғашқы жарна болатын бір миллион теңгелік сертфикат берілді. Тек жас мұғалімдерге арналған үш жүз елу орындық жатақханасы бар «Жас ұстаз» орталығының құрылысы аяқталды.
Бұдан бөлек, көпбалалы отбасы, аз қамтылған отбасы немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп жатқан ана тәрізді көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында «Жанұя» отбасын қолдау орталығы ашылды. Ол жерде жоғарыда аталған санатқа жататындарды жұмысқа орналастырумен айналысты. Ал арнаулы білімі жоқтарды орталық арқылы оқытып, диплом алған соң жұмысқа орналастырды. Жеке ісін ашқысы келгендерге де барынша қолдау көрсетілді.
Қала басшысының тікелей қадағалауымен денсаулық сақтау саласында да бірқатар маңызды мәселе шешімін тапты. 2019 жылы «Үйдегі дәрігер» бағдарламасы бойынша Елордада емханалар мен ауруханалардан алыс орналасқан аудандарда 12 медициналық пункт ашылды. Сонымен қатар, сексен төрт көлігінің 63% тозған жедел жәрдем қызметіне қосымша елу екі автомобиль сатып алынды. Елордадағы дәрігерлер мен медбикелер тапшылығын жою мақсатында мамандардың ипотека арқылы баспана сатып алу үшін алдын ала төлемге арналған бір миллион теңгенің сертификаты берілді. Тексеру барысында онға жуық саябақтың баланста жоқ, яғни, былай айтқанда иесіз екенін анықтап, бәрі балансқа алынды. Бақтарды халықтың демалысын өткізуіне қолайлы болу үшін олардың өздері сындырған ағаштар, орындықтарды қалпына қайта келтірді. Демалғанды ұнатқанымен, жинауды жақсы көрмейтін тұрғындардың санасына жеткізу, мәдениетті қалыптастыру, тазалыққа шақыру мақсатында эко-челлендж ұйымдастырылып, әр сенбі сайын өзен-көлдердің жағалауына тазалау жүргізілді. Көптеген мәселе шешіп, қалғандары бақылауға алынды. Азаматтарды қабылдау қалалық аудан әкімдіктері мен «Жанұя» отбасылық институтын қолдау орталығында да өткізілді. Онда 14,8 мың мәселе бойынша 7 мыңға жуық адам жүгініп, 11,4 мың кеңес берілді, 3,5 мыңнан астам мәселе бірден сол мезетте, сол жерде шешілді. Қаладағы ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін екі оңалту орталығы, ипподром негізінде иппотерапия сабақтарына арналған жабық арена салу, жаңа тұрғын үй кешенінің бірінші қабаттарында емхана, балабақша, оңалту орталықтары, полиция бекінісі сияқты әлеуметтік нысандар ашу келер жылдың еншісіне қалдырылды. Инватакси саны жыл басынан бері екі есеге артып, жиырма екіден қырық алтыға дейін жетті.
Елордада 2020 жылдың қысы салыстырмалы түрде алғанда жылы болды. Бірақ қар әдеттегіден шамамен 3,5 есе көп түсті. Бұл мезгілде қаланың коммуналдық қызметі бел шешпей жұмыс істеді. Астана қаласының ел алдында жүрген жастары да коммуналдық қызмет жұмысшыларына қолдау көрсету мақсатында «Біз біргеміз» челленджін бастады. Халықтың қостауымен қаланы қар құрсауынан құтқару жұмысы қыс бойы ойдағыдай жүрді. Бұл күндерде әкімдік қар тазалаумен қатар, көктемде болуы мүмкін су тасқынына қарсы дайындықты да пысықтап, жүргізді.
Елордада тұратын ерекше қажеттіліктері бар жиырма жеті мың адам назардан тыс қалмады. Оларды қашанда моральдық және материалдық қолдау қажеттігі тиісті органдарға тапсырылды. Осының арқасында көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін мереке-алғыс айту күнінде демеушілік қаражат есебінен Елордада инватакси паркі халықаралық стандарттарға сай тағы он арнайы көлікпен көбейтілді. Көктемнің алғашқы айының ортасында әлемді жайлаған пандемиядан сақтану және қорғану мақсатында Қазақстан, оның ішінде ел астанасы да карантинге жабылды. Халықтың жүріп-тұруына шектеу қойылды. Шектеумен бірге тұрғындар тіршілігінің тіні – бүкіл өндіріс ошақтары жұмысын уақытша тоқтатты. Енді қала басшылығы алдында аз қамтылған және уақытша қиындықтарға тап болған адамдарды қолдау шараларын жасау міндеті тұрды. Елорда әкімдігі бұл төтеннен келген төтенше жағдайда да табандылық танытып, жүктелген жауапкершілік пен қойылған міндетті мүлтіксіз атқарды. Төтенше жағдай кезінде сеніп тапсырылған аумақтағы тұрғындарды, олардың қауіпсіздігін сақтай отырып, өмір сүруге бірінші кезекте қажетті заттармен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуді ұйымдастыру оңай шаруа емес. Сонымен бірге негізгі жұмысты да қатар алып жүру керек. Қала әкімшілігі бұл мәселені де назардан тыс қалдырған жоқ. Ал оның ішіндегі бастысы әлеуметтік тұрғын үй мәселесі ерекше назарда болды. 2019 жылдан бастап резерві белсенді түрде дайындалатын бұл саланың жұмысы қыста барлық құжаттары қарастырылғандықтан құрылыс маусымы басталған бетте іске кірісті. Шахар басшысының жоспары бойынша Елордада 2020 жылы сегіз мыңнан астам пәтер салынып, оның бір мыңнан астамы бюджеттік сала қызметкерлері - дәрігер, мұғалім және басқалар арасында бөлінді. Жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы да жалғасын тапқан.
Уақыт талабын жете түсініп, жедел шешім қабылдау барысында шахар бюджетін ауқымды ықшамдау жұмыстарын жүргізіп, қала бюджетін 32 млрд теңгеге оңтайландырылды. Ол ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшылығын қысқарту, бірқатар кәсіпорындарды тарату немесе сенімгерлік басқаруға беру, мәдени іс-шараларды азайту арқылы жүзеге асырылды. Қаражат нақты әлеуметтік мәселелерді шешуге, қаланың инфрақұрылымын жақсартуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, жұмыспен қамту мәселелеріне және қоғамды толғандыратын басқа да салаларға бағытталды. Атап айтқанда: 14,5 миллиард теңге экономиканың нақты секторын және инфрақұрылымды қолдауға, 3,6 миллиард теңге білім беруді, денсаулық сақтауды және әлеуметтік көмекті дамытуға, 3 миллиардтан астам теңге шағын және орта бизнесті қолдауға (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны ұстап тұру үшін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау) бағытталды. «Астанаэнергосервис» АҚ қайта құру барысында жылдық жинақта 1 миллиард теңге үнемдеді. Қаражат қысқы коммуналдық жабдықтарды сатып алуға жұмсалды. Елімізді қатерлі індет қыспаққа алған шақта қолда барды мейлінше үнемдеген абзал. Осыны басшылыққа алып, «Астана Инвест» ЖШС мен «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС, «Астана Энергия Бөлшек Компаниясы» ЖШС және «Астана Қалалық Жарық» ЖШС мекемелерін біріктіру туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ «Астана LRT» ЖШС, «№1 автобус паркі»АҚ, «Жезкиік»АҚ сияқты бірқатар көлік компанияларын бір шаңырақ астына топтастыру жоспарланды. Біріктірілген компаниялардан түсетін жылдық үнем шамамен 700 миллион теңге екен. Бұдан бөлек, басқа әкімшілік шығындар сияқты ғимараттарды жалға алу құнын төмендету жергілікті бюджетті 1 миллиард теңгеге дейін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бүгінде теннис орталығы, өзенге арналған мүлік (қайықтар) тәрізді қымбат нысандарды сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Соңғы кездердегі әлемдегі экономикалық тығырық кезеңі - Елорданың қала тарихындағы ең бір талмауыр тұсы, қиын-қыстау уақыты. Бұрынғыдай қазынадан бас шахардың дамуына деп бөлінетін қаражат пен өңірлердің қала күніне жасайтын тарту таралғысы да сап тиылды. Ел экономикасына түскен салмақ, әлемді жайлаған әлеуметтік тығырық әлегі - алдымен ел локомотиві Елордамызға тигізер әсері осыдан-ақ белгілі болар. Дегенменде, жас келсе іске деп, тығырықтан шығар жоба-жоспарын сызып, әлі де алдан кездесер кедергілерге тас-түйін дайын Елорданың өз ұстанымы бар. Қолдағы барды үнемді, әрі тиімді пайдалана отырып, Қазақстанның бас шахары – Астана қаласын заман көшінен қалдырмай дамыта беру басты міндет.
Айhаным Болатбекқызы