Алматыда 2023 жылдың қарашасында хостелде болған өрт салдарынан 13 адам қаза тапқан оқиғаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сот алдында хостел директоры Әділбек Мұхамедияров пен бұл ғимаратқа өрт қауіпсіздігі жүйесін орнатқан "Гидсервис" мердігер ұйымының өкілі Александр Пекельник жауап берді. Мемлекеттік айыптаушы Мұхамедияровқа 5 жыл, ал Пекельникке 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұраған.
Сот Мұхамедияровты – өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзды, ал Пекельникті – қауіпсіздік талаптарына сай емес жұмыс атқарды деп таныды.
Нәтижесінде Мұхамедияровқа – колония-қоныста 5 жыл, ал Пекельникке – сондай мекемеде 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Зардап шеккен тараптардың азаматтық талаптары ішінара қанағаттандырылды.
2023 жылғы 30 қараша күні таңертең Алматыдағы Әди Шәріпов көшесінде орналасқан хостелде өрт шыққан. Өрт кезінде ғимаратта 72 адам болған. Олардың 59-ы өз бетімен сыртқа шықса, 13 адам қаза тапты. Тағы үшеуі ауруханаға жеткізілген. Бірнеше күннен кейін бұл ғимаратты жалға алған тұлға ұсталды.
Құжат бойынша жер телімі дүкенді пайдалану және күтіп ұстау мақсатында бөлінгені белгілі болды. Тергеу 2024 жылдың қарашасында аяқталған.