Туризм және спорт министрінің бұйрығымен Қазақстан Республикасының спорттық әдебі бекітілді. Бұйрық 8 шілдеде алғашқы ресми жарияланып, енді күнтізбелік он күн өткен соң, яғни 19 шілдеде қолданысқа енгізіледі, - деп хабарлайды Dalanews.kz kaz.inform.kz-ке сілтеп.
Спорттық әдеп «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның 7-бабы 65-2) тармақшасына, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларға сәйкес әзірленген және спортшылардың, жаттықтырушылардың, жаттықтырушы-оқытушылар мен спорт төрешілерінің мінез-құлығының негізгі ережелерін белгілейді.
Спортшылар, жаттықтырушылар, жаттықтырушы-оқытушылар және спорт төрешілері:
1) қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадір-қасиетін және қоғамдық имандылықты қорлайтын алкогольдік, есірткілік немесе уыт-құмарлық мас күйінде болуына жол бермейді;
2) адал ойын және адал спорттық жарыс қағидаттарын сақтайды;
3) ұлттық командалардың өкілдеріне, қарсыластарына, көрермендерге және спорттық жарыстарды ұйымдастырушыларға спорттық іс-шараларда құрметпен қарайды;
4) басқа спортшылардың, волонтерлердің құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтейді, сонымен қатар оларға қатысты кемсітушілікке жол бермейді және спорттық іс-шаралар мен марапаттау рәсімдері өтетін жерлерде саяси шерулерге қатыспайды;
5) өзінің спорттық беделіне зиян келтіруі мүмкін даулы жағдайлардан аулақ болады;
6) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимніне, сондай-ақ спорттық жарыстарға қатысушы елдердің мемлекеттік рәміздеріне ұқыпты және құрметпен қарайды;
7) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Гимнінің музыкалық редакциясын, мәтінін біледі;
8) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін орындау кезінде Спорттық әдептің этикалық нормаларын ұстанады;
9) төреші шешіміне құрметпен қарайды және көпшілік даулардан аулақ болады;
10) спорттық жарыстардың қорытындысы бойынша алынған спорттық марапаттарға (кубоктарға, медальдарға, грамоталарға және дипломдарға) ұқыпты және құрметпен қарайды;
11) спорттық жарыстарда марапаттау рәсіміне қатысады;
12) спорттық жарыстарда, марапаттау рәсімі кезінде, ресми суретке түсіру және масс-медиамен жұмыс істеу кезінде спорт түрі бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық командасының немесе өзінің спорт клубының спорттық костюмдерінде болады;
13) спорттық іс-шараны жариялайтын масс-медиа өкілдерінің жұмысына құрметпен қарайды;
14) басқа спортшыларға еліктеу үшін үлгі ретінде өнер көрсетеді;
15) спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) сақтайды.
Спортшыларға, жаттықтырушыларға, жаттықтырушы-оқытушыларға және спорт төрешілеріне мынадай тыйымдар салынады:
— оқу-жаттығу процесіне қатысы бар ақпаратты жария етуге;
— спорттық іс-шара кезінде немесе одан кейін былапыт сөздер мен нормативтік емес лексиканы, қорлау қимылдарын пайдалануға;
— спорттық жарыстардың немесе оқу-жаттығу жиындарының барысын себепсіз бұзатын немесе араласатын не Қазақстан Республикасының беделіне немесе имиджіне теріс әсер ететін кез келген әрекет немесе мінез-құлыққа;
— ым тілі мен мимиканы қоса алғанда, жазбаша немесе ауызша түрде спорттық іс-шараны өткізу алдында, өткізу кезінде және (немесе) өткізгеннен кейін қандай да бір адамға қауіп төндіруге;
— командада өзінің діни нанымдарын ашық көрсетуге және басқа адамдарды діни бірлестіктердің қызметіне қатысуға және миссионерлік қызметпен айналысуға мәжбүр етуге.