Профессор Кәкен Қамзин қартайған шағында жалғыз үйінен айырылғалы отыр

Сағыныш Сардарова 09 шіл. 2025 15:00

Алматыда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 76 жастағы профессоры Кәкен Қамзин интернет алаяқтардың құрбаны болды. Қазір бұл оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр,- деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әлеуметтік желіде тараған деректерге сәйкес, өзін арнайы қызмет өкілдері ретінде таныстырған белгісіз біреулер профессорға хабарласқан. Олар Кәкен Қамзинге пәтерін алаяқтар тартып алуы мүмкін екенін айтып, жылжымайтын мүлікті сатып, ақшаны қауіпсіз банк шотына салуға "кеңес" берген.

Профессор алаяқтардың сөзіне сеніп, пәтерін сатып, қаражатты курьер арқылы сол адамдарға берген.

Кейбір желі қолданушыларының жазуына қарағанда, қазір пәтердің жаңа иелері Кәкен Қамзиннен үйді босатуды талап етіп отыр. Ал профессордың студенттері мен белсенді азаматтар оның баспанасын қайтаруға көмектесу үшін қаражат жинауға кіріскен.

Мән-жайды Айбар Олжай да әлеуметтік желіде егжей-тегжейлі түсіндірген еді.

"Кинодағыдай әрекет еткен. Алдымен Энергосбыт адамдары ретінде хабарласып, мекен-жайы, ЖСН, пәтері туралы ақпаратты біліп алған. Артынан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің атын жамылып хабарласып, біреулердің үйін тартып алайын деп тұрғанын айтып, тез үйін сатуға көндірген", – дейді журналист.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай бұл дерекке қатысты тергеу жүріп жатқанын айтты. Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғаған.

"Тергеу мүддесіне байланысты егжей-тегжейлі ақпарат жария етілмейді. Қазір күдіктілерді анықтауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", – деді ол.

Журналистер профессор баспанасыз қалуы мүмкін бе деп сұрағанда, Жандос Сүйінбай:

"Меніңше, ол үйсіз қалмайды. Бұл жылжымайтын мүлік оныкі. Алаяқтық әрекеттерге құқықтық тұрғыдан баға беріледі", – деп жауап берді.

Сондай-ақ, ІІМ өкілі пәтерді сатып алған тұлғалардың да іске қатысы тексеріліп жатқанын жеткізді.

Журналистер ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен осы істі жеке бақылауына алуын сұрап отыр.

Кәкен Қамзин 1949 жылы 13 маусымда бұрынғы Талдықорған облысының Алакөл ауданындағы Қарлығаш ауылында туған. Қазіргі таңда өзі білім алған оқу орнында - Журналистика факультетінің "Баспа ісі және электрон БАҚ" кафедрасында доцент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар