Астана қаласында Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» ресурстық орталығы, Еңбек мобильділігі орталығының ұйымдастыруымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға 2 мыңға жуық адам қатысып, 80-нен астам мекеме жұмыс ұсынды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жәрмеңке жұмыс беруші мен жұмыс іздеуші арасындағы тікелей байланыс арқылы білім беру ұйымдарының түлектерін, сол сияқты жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуге бағытталды.
– Жәрмеңкеге ұлттық және жекеменшік компаниялар, мемлекеттік ұйымдар секілді бірқатар жұмыс берушілер қатысып, жоғары оқу орны түлектеріне, студенттерге және елорда жастарына бос жұмыс орындарын ұсынды. Біздің басқарма тарапынан мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Себебі осындай іс-шаралардың арқасында жастар өздері қалаған мекемелерге жұмысқа орналасып жатады. Яғни, жәрмеңкенің тиімділігі – жастар бірқатар компания өкілдерімен бір алаңда тілдесіп, қызықтырған сұрақтарына жауап алады, – деді өз сөзінде қалалық Жастар саясаты мәселелері басқармасының оқу орындарымен және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Айдар.
Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар жәрмеңкеде жоғары оқу орнын жаңа бітірген жас мамандар үшін өз мамандығы бойынша «Жастар практикасы» бағдарламасы арқылы да жұмыс табуға болатынын атап өтті.
Биыл бас қалада жастарға арналған осындай 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, іс-шараға тұрақты түрде қатысатын жұмыс берушілер саны артуда. Олардың қатарында Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Астана қаласы бойынша департаменті, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және басқа жетекші мекемелер мен кәсіпорындар, жекеменшік компаниялар бар. Білім, сауда, қаржы, құрылыс саласындағы мекемелер жұмыс іздеп жүрген азаматтарға ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, түйіндемелерін қабылдады.
Жекеменшік компанияның директоры Арман Құрманәлиев серіктестіктің бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне алғаш рет қатысқанын айтты.
– Компания нарықта 15 жыл уақыт бойы энергия үнемдеуші жарық көздері мен электр тауарларын сатумен айналысады. Сондықтан бізге маркетинг бөліміне сату мамандары қажет. Десе де, компанияның өзге де бос жұмыс орындарына жастарды қуана қабылдаймыз. Жұмыс іздеушілерге айтарлықтай талап қойылмайды, дипломның болуы да шарт емес. Бастысы, жұмыс істеймін деген жалынды жастар болса, түйіндемесін қарастырамыз, – деді ол.
Жұмыс берушілермен тікелей сөйлесіп, бірден бірнеше ұйымға сұхбаттасуға шақырту алып үлгерген елордалық жастың бірі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті Камила Оспандиярқызы болды.
– Мен – құрылыс факультетінің білім алушысымын. Өзім геодезист және картограф мамандықтарына қатысты бос жұмыс орнын ұсынған мекемелермен тілдестім. Жәрмеңкеде өзім қалаған компанияларды да кездестіргеніме ризамын. Жұмыс берушілердің ұсынатын жалақы мөлшері де көңілден шығады. Мұндай жәрмеңкелер жастар үшін жаңа кәсіпорындармен танысуға да таптырмас мүмкіндік деп ойлаймын, – деді студент.