Еліміздің спорт жұлдыздары елорданың жас тұрғындарына шеберлік сабағын өткізеді

Dalanews 21 мау. 2022 14:40 2105

Триатлон саябағында халықаралық Олимпиада күніне орай спорттық мерекелік іс-шара өтеді. 

Іс-шара 23 маусым күні сағат 12:00-де өтеді.

Елорда тұрғындары мен қонақтары эстафеталық жарыстар, 3х3 баскетбол, текбол және үстел теннисі ойындары, сондай-ақ брейк-дансшылардың өнеріне тәнті болады және әртүрлі жастағы балалар арасында дзюдо мен таэквондодан көрсетілім жекпе-жегі ұйымдастырылатын шараға қатыса алады.

Ұлттық құрама мүшелері мен Қазақстанның атақты спортшылары елорданың жас тұрғындарына шеберлік сабағын өткізеді.

Атап айтсақ, бокстан 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев, әйелдер күресінен үш дүркін Олимпиада жүлдегері Гюзель Манюрова, шорт-трекші, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында Қазақстан құрамасының капитаны болған Абзал Әжғалиев, конькимен жүгіруден төрт құрлықтың чемпионы Екатерина Аидова, бокстан әлемдік бәсекелер жеңімпаздары ағайынды Айбек пен Нұрбек Оралбай және күрестен 2022 жылғы Азия чемпиондары Мәдина мен Жәмила Бақбергеновалар жас спортшылармен кездесіп, тәжірибесімен бөліседі.

Барлық қатысушылар спорттық шаралар мен жарыстарға қатысып, викторинада сұрақтарға жауап бере отырып, ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің естелік сыйлықтарын ұтып алуға мүмкіндік алады.


Сонымен қатар, биыл Ұлттық олимпиадалық комитеті маусым айында дәстүрге айналған акцияларды өткізеді. Бес олимпиада сақинасы бес құрлықты бейнелейтініндей, қазақстандықтардың спорттағы бірлігін білдіретін мерекелік эстафетаны Қазақстанның бес облысы алып өтеді. Атап айтқанда, еліміздің жаңа облыс орталықтарында Түркістан (Түркістан облысы), Семей (Абай облысы), Жезқазған (Ұлытау облысы), Қонаев (Алматы облысы) қалаларында ауқымды спорт фестивальдері өтеді.

Биыл елімізде Олимпиада күні 29-шы рет тойланады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар