Еліміздің ауылдарында қанша мектеп жабылуы мүмкін? — Бейсембаев жауап берді

Қаракөз Амантай 03 жел. 2024 11:50 864

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің ауылдарындағы мектептерге қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елдегі ауыл мектептерінің саны 5 мыңнан асады, олардың ішінде шағын жинақты мектептер – 2700. Бұған қоса, аз оқушысы бар кіріктірілген сыныптардан тұратын мектептер саны мыңға жуықтайды. Бұл білім беру мекемелері негізінен шалғай ауылдарда, соның ішінде шекара маңындағы аймақтарда орналасқан.

“Біздің басты міндетіміз – шекара маңындағы мектептердің жұмысын тоқтатпау. Бұл бағыттағы нақты ұстанымымызды әкімдіктерге жеткіздік,” – деді министр Үкіметтің баспасөз орталығында өткен брифингте.

Сондай-ақ Бейсембаев жабылуы ықтимал мектептер бойынша арнайы есеп жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін министр еліміздің ауылдық жерлеріндегі білім беру мекемелерінің саны туралы мәлімет ұсынған болатын.

Сонымен қатар оқу-ағарту министрлігі мектептерде тамақтандыру қызметтерін ұйымдастыру кезінде өнім берушілерді іріктеу талаптарын бұзған шенеуніктерді әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Бұл туралы министр Ғани Бейсембаев мәлім етті. 

Қыркүйек пен қазан айларында мектеп асханаларының санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкестігіне мониторинг жүргізілген.

"Республикалық тексеру нәтижелері мектептегі тамақтану сапасына жергілікті атқарушы органдардың бақылауының әлі де жеткіліксіз екенін көрсетті. Бұл заңнама талаптарының жиі бұзылуынан байқалады. Мониторинг барысында 771 түрлі бұзушылық анықталғанын ерекше атап өткім келеді", – деді министр Үкімет отырысында.

Министрлік сонымен қатар жергілікті әкімдіктердің мектепте тамақтануды ұйымдастыру жұмыстарына кешенді бағалау жүргізген. Бұл ретте бірнеше факторлар ескерілген:

  •  Тамақтану сапасына қатысты мониторинг нәтижелері;
  • Асханалардың материалдық-техникалық базасы;
  • 1 оқушыға шаққандағы тамақтану құны;
  • Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамалардың қорытындылары.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар