Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов 2025 жылғы 19 маусымда Сенаттың дәлізінде журналистерге берген сұқбатында Қазақстанның барлық банктерін QR-кодтың бірыңғай жүйесіне қосу процесінің қай кезеңге келгенін айтты. Ол бұл арада Ұлттық банктің еншілес ұйымы - Ұлттық төлем корпорациясы бірыңғай оператор болып табылатынын нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Қазір бұл жүйе арқылы барлық қолма-қол ақшасыз төлемдердің 90%-ы өтеді. Мысалы, күніне 5,9 трлн теңге өңделеді. Яғни, бұл - үлкен ұйым. Ол жалпыұлттық QR операторы болады. Қазір оған үш банк өтті, меніңше, тоғыз банк тест режимінде жұмыс істеп жатыр", - деді Тимур Сүлейменов.
Оның айтуынша, жыл соңына дейін барлық банктерді осы жүйеге қосу жоспарланып отыр: стандартты серіктестік тетіктер немесе заңнамалық өзгерістер арқылы.
"Сонымен қатар біз Парламент арқылы барлық банктердің жаңа ғана сипаттаған жүйеге міндетті түрде қатысуына бағытталған бірқатар заңнамалық түзетулерді енгізу жайын қарастырып жатырмыз. Біз параллель жолдармен қатар жағдайды бақылап отырамыз. Банктер бұл жайынан толықтай хабардар. Бұл арада мұның үлкен технологиялық процесс екенін дұрыс түсінген жөн", - деді ҚР Ұлттық Банктің төрағасы.
Ол әр банктің өзіндік техникалық архитектурасы бар екенін және барлығы өздерінің экожүйелерін дамытуға ұмтылатынын атап өтті.
"Бірыңғай орталыққа, бірыңғай операторға қосылуды қамтамасыз ету қажет. Бұл қосымша ақша, адами ресурстар, қаржылық, технологиялық ресурстарды қажет етеді. Сондықтан оны "дәл қазір, бірден жаса" деп біз ешкімге бұйыра алмаймыз. Бірақ біз бұл шараның қажет екенін жақсылап түсіндірудеміз. Банктермен болған кездесулерде де біз үнемі бұл тақырыпты көтеріп отырамыз: "Қашан? Қашан? Қашан?" деп. Яғни, бұл мәселемен мен де, менің орынбасарларым да, техникалық командаларымыз да айналысуда", – деп сөзін толықтырды Тимур Сүлейменов.
Айта кетсек, 2025 жылы ақпан айында Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов барлық банктер үшін бірыңғай QR код жұмыс істей бастайтынын мәлімдеген. Алайда банктерге бірыңғай QR-кодты енгізу күрделі процесс екені белгілі болды. Жалпы, бұл тұтынушылар үшін өте қолайлы жағдай туғызады. Мәселен, Сіз қай банктің клиенті болсаңыз да, кез келген терминал арқылы төлем жасай бересіз.